Астанада ХҚКО қызметкерлері жүргізуші куәлігін заңсыз беруге көмектескен

Астанада ХҚКО қызметкерлері жүргізуші куәлігін заңсыз беруге көмектескен
Фото: Astana.tv

Астанада жүргізуші куәлігін заңсыз алуға көмектескен ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді, деп хабарлайды Politico.kz.

Қылмыстық схемаға мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының (Арнайы ХҚКО) қызметкерлері мен делдалдар қатысқан. Тергеу дерегінше, осы жолмен 2025 жылы 74 адам жүргізуші куәлігін заңсыз алған.

Астана прокуратурасының мәліметінше, Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты тергеуді аяқтаған.

Тергеу материалдарына сәйкес, делдалдар жүргізуші куәлігін алуға үміткерлерге теориялық емтихан кезінде дұрыс жауаптарды айтып отырған. Ал Арнайы ХҚКО қызметкерлері практикалық емтиханнан өткені туралы ақпараттық базаға жалған мәліметтер енгізген.

Осылайша, тиісті емтихандарды заң талаптарына сай тапсырмаған адамдар жүргізуші куәлігін алған.

Қылмыстық іске қатысы бар деген күдікпен алты адам қамауға алынған. Тағы үшеуі елден шықпау туралы қолхатпен босатылса, бір адам үйқамаққа алынған.

Заңсыз жолмен жүргізуші куәлігін алған 74 адамның барлығының құжатының қолданылуы тоқтатылды.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс соттың қарауына жіберілді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу