Астанада «Қазақмыс» қолдаған бірегей зауыт іске қосылды
Астана қаласына жұмыс сапарымен барған Премьер-министр Олжас Бектенов өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы нысандарын тексерді, оның ішінде «Қазақмыс» корпорациясының тікелей қолдауымен салынған бірегей медициналық зауыт ерекше назар аудартып отыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Адам ағзасын тасымалдауға арналған құрылғыларды шығаратын бұл жаңа кәсіпорын еліміздің денсаулық сақтау саласындағы үлкен серпіліс саналады. Жоба «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің демеушілігімен бірінші индустриялық парк аумағында жүзеге асырылып жатыр және оған 5,1 млрд теңге инвестиция құйылған.
Фото: primeminister.kz
Кәсіпорынның басты өнімі ALEM деп аталатын аппарат донорлық ағзалардың сақталу мерзімін бірнеше сағаттан бір тәулікке дейін ұзартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар өндірісте Атыраудағы KPI зауытының пластикалық түйіршіктері қолданылады. Зауыт толық іске қосылғанда жылына 15-20 ALEM жабдығын, 6 млн контейнер мен 45 мың дренаждық құрылғы шығарады. Мамыр айында пайдалануға берілген нысан толық қуатына биылғы қыркүйекте жетеді деп күтілуде.
UMC қорының басқарма төрағасы Юрий Пя осындай отандық өндіріс шетелдік материалдарға деген тәуелділікті айтарлықтай азайтатынын жеткізді.
«Медицинаға арналған көптеген керек-жарақтарды, әсіресе кардиология мен кардиохирургияға қатысты заттарды, біз шетелден сатып аламыз. COVID-тен кейін біз көптеген құралдарға тәуелді болып қалдық, сондықтан өндірісті өзімізде бастауға, әуелі кардиология мен кардиохирургиядан бастауға, соның ішінде, донорлық органдарды сақтауға арналған аппарат жасау туралы өзіміздің идеямызды енгізуге шешім қабылдадық. Бүгінгі таңда біз осындай аппараттың прототипін әзірлеп қойдық, енді елімізде оның өндірісін бастауға шешім қабылдадық. Осы жылдың соңына қарай зауытта алғашқы үлгіні шығаруды жоспарлап отырмыз», — деді Юрий Пя.
Фото: primeminister.kz
Өз кезегінде Үкімет басшысы қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жақындағанын еске салып, отандық ғылыми әзірлемелерді медицинаға кеңінен енгізу қажеттігін баса айтты.
Премьер-министрдің сапары барысында қала әкімі Жеңіс Қасымбек елорданың экономикалық көрсеткіштері туралы да нақты мәліметтер берді. Оның дерегінше, өткен жылы қаланың жалпы өңірлік өнімі 18,9 трлн теңгеге жеткен. Биылғы төрт айда 587 млрд теңге инвестиция тартылса, оның 80 пайызы жеке капитал есебінен келген. Қазір Астанада 246 мың шағын және орта бизнес нысаны жұмыс істеп, 560 мың адамды жұмыспен қамтып отыр, ал бұл сектордың экономикадағы үлесі 66 пайызға жеткен. Сондай-ақ биыл жалпы құны 32 млрд теңге болатын 8 жоба іске қосылып, 500 жұмыс орны ашылса, жыл соңына дейін тағы 18 жобаны іске қосу жоспарланған.
Фото: primeminister.kz
Логистика саласын дамыту аясында Олжас Бектеновке аумағы 22 мың шаршы метр болатын Technodom орталығы таныстырылды. Тәулік бойы жұмыс істейтін бұл кешен Wildberries, Ascona және Gold Service Logistic сияқты ірі компанияларға қызмет көрсетеді. Бұдан бөлек 300 млн теңгеден асатын жеке инвестицияға 223,1 гектар аумақта жаңа логистикалық парк салу көзделген, оған Қазпоштамен қатар YXE Trading Service Group, S Sistem Lojistik Hizmetler және Rhino Logistic сияқты компаниялар қатыспақ. Ал 2027 жылдың басында құны 47,7 млрд теңге болатын Wildberries компаниясының 160 мың шаршы метрлік алып хабы ашылып, 6 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етпек.
Фото: primeminister.kz
Үкімет басшысы бұдан кейін азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бірқатар кәсіпорынның жұмысын бақылады. Атап айтқанда ол RnR Group компаниясының құны 8,8 млрд теңгелік нан және сүт өнімдерін шығаратын зауыттарында болды. Бұл орындар күніне 25 тонна ұн мен 100 тонна сүт өнімдерін дайындап, қала дүкендеріне жөнелтеді. Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Әкімжановтың айтуынша, 2025-2026 жылдары елордада 12 мың тонналық екі көкөніс қоймасы мен қуаттылығы 53 мың тонна болатын үш қайта өңдеу зауыты іске қосылады. Ал алдағы екі жылда жалпы құны 180 млрд теңгені құрайтын тағы жеті агрожоба ашылып, 1,6 мың жаңа жұмыс орны пайда болмақ.
Фото: primeminister.kz
Сапар соңында Олжас Бектенов Астана ЕТКОМ ет өңдеу зауытының құрылыс алаңына барды. Кәсіпорын директоры Нұрлан Айтбаев бұл нысан 2026 жылдың екінші тоқсанында іске қосылып, жылына 18 мың тонна дайын өнім шығаратынын хабарлады. Шикізат «Айтас», KazBeef сияқты отандық өндірушілерден және жергілікті шаруа қожалықтарынан алынып, өндірісте колледж студенттері тәжірибеден өтетін болады.
«Президент елордаға ерекше міндеттер жүктеп отыр, Астана әрдайым ауқымды бастамалардың алдыңғы шебінде болып, барлық өңірлерге үлгі болуы тиіс. Елорда инфрақұрылым, өнеркәсіп, логистика, цифрлық шешімдер және әлеуметтік сала бағыттарында дамудың жоғары қарқынын қалыптастыруы қажет. Әрбір жоба қаланың экономикасын нығайтып, жұмыс орындарын ашып, азаматтардың өмір сүру сапасын арттырып, бизнес үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашуы маңызды. Сондықтан әкімдік пен салалық министрліктердің міндеті жобаларды сүйемелдеуді қамтамасыз ету, кәсіпорындарды уақтылы іске қосу және өндірістердің тұрақты жүктелуіне жағдай жасау», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Фото: primeminister.kz
Соңғы жаңалықтар