Астанада жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырып, билікті басып алмақ болған белсенділер сотталды
Алматы қаласы Алмалы ауданының қылмыстық соты бес белсендіге қатысты үкім шығарды. Олар билікті күшпен басып алмақ болды деп айыпталып, 5 және 5,5 жылға сотталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Сот шешімімен Қайсар Өзбек пен Талғат Әшіров 5,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Асқар Нұрмаған, Әбдуәли Тағай және Дүйсенбек Жақашевқа 5 жылға түрме жазасы тағайындалды. Мемлекеттік айыптаушы олардың барлығын 8 жылға қамауды сұраған болатын. Бұл туралы құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина өзінің Facebook парақшасында жазды.
Тергеу мәліметінше, аталған топ Астана қаласында жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруды жоспарлаған. Асқар Нұрмаған, Әбдуәли Тағай және Дүйсенбек Жақашев бір топ адам болып билікті күшпен басып алуды насихаттады деп айыпталды. Сонымен қатар оларға қиратып-бүлдіруге және билік өкілдеріне қарсылық білдіруге оқталды деген айып тағылды.
Ал Қайсар Өзбек пен Талғат Әшіровке бұл баптардан бөлек қосымша айып қосылған. Олар топ болып жарылғыш заттарды заңсыз сатып алды, сақтады және тасымалдады деп танылды.
Айыпталушылар 2025 жылдың 25 маусымында ұсталып, содан бері қамауда отыр. Оларға қатысты сот процесі биыл 6 ақпанда басталған болатын. Прокурордың өтініші бойынша барлық сот отырыстары жабық режимде өтті.
Соңғы жаңалықтар