Астанада жолаушыға тиіскен inDrive жүргізушісі 10 тәулікке қамауға алынды
Астанада такси жүргізушісі жолаушы бойжеткенге әдепсіз ұсыныстар жасап, тиіскені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Істі Астана қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады, деп хабарлайды Politico.kz сайты HALYQSTAN телеграм арнасына сілтеп.
Оқиға 11 қазан күні таңғы сағат жеті шамасында болған. Бойжеткен достарымен бірге үйіне қайту үшін inDrive сервисі арқылы көлік шақыртқан.
Достары межелі жерден түсіп қалған соң, жолаушы жүргізушіден қосымша ақыға өзін одан әрі бір шақырым жерге жеткізіп салуды өтінген. Ер адам келіскенімен, жол бойы бойжеткенге әдепсіз сұрақтар қойып, жақындасуды ұсынған. Жолаушының бас тартқанына қарамастан, жүргізуші қысқа жолмен жүрмей, айналма жолға түскен.
Қауіпті сезген бойжеткен айла шарғыға көшіп, темекі сатып алу сылтауымен дүкен жанына тоқтауды өтінген. Көлік тоқтаған сәтте ол құрбысына қоңырау шалып, көмек шақырғаннан кейін жүргізуші тиісуін тоқтатқан.
Бойжеткен бұл жағдай туралы Threads әлеуметтік желісінде бөліскеннен кейін оқиға кеңінен тарады. Оған Астана қалалық Полиция департаменті мен inDrive компаниясының өкілдері үн қосты.
13 қазанда өткен сот отырысында жүргізушінің жолаушыға интимдік сипаттағы ұсыныстар жасап, мазасын алғаны толық дәлелденді. Ер адам өз кінәсін толық мойындады.
Сот оның әрекетін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы 1-бөлігі (Ұсақ бұзақылық) бойынша квалификациялады. Кінәні мойындауын және құқық бұзушылықты бірінші рет жасағанын ескере отырып, сот жүргізушіні 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды.
Соңғы жаңалықтар