Атырау облысында егіздердің анасы балалардың әкесін зорлық жасады деп айыптап отыр

06.03.2026 19:10 Мөлдір Талғат
Атырау облысында егіздердің анасы балалардың әкесін зорлық жасады деп айыптап отыр
650
Фото: ашық дереккөз

Атырау облысында екі жасар егіздердің анасы олардың туған әкесін жыныстық зорлық жасады деп айыптады. Әйелдің айтуынша, мұндай әрекеттер шамамен бір жыл бойы жүйелі түрде жалғасқан. Бұл туралы Politico.kz Orda.kz сайтына сілтеме жасап хабарлады.

Әйелдің сөзінше, аталған дерек бойынша Атырау облысы Полиция департаменті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 121-бабы 4-бөлігінің 4-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Күдікті ретінде балалардың туған әкесі танылған.

Бұған дейін егіздердің анасы сұхбат беріп, балалардың экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКО) арқылы дүниеге келгенін және олардың әкесі бір жыл бойы зорлық көрсетіп келгенін мәлімдеген.

Анасының айтуынша, тергеу оның арызы негізінде 2023 жылғы 20 қарашада басталған. Алайда содан бері іс бірнеше рет тоқтатылып, қайта жандандырылған. Оның сөзінше, жалпы алғанда қылмыстық іс алты рет тоқтатылған.

«Күдіктінің әкесінің туған қарындасы Атырау қаласындағы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта судья болып жұмыс істейді. Сондықтан істің ұзаққа созылып, сотқа жетпей жатқаны әдейі жасалып отыр деп ойлаймын», – дейді ол.

2025 жылғы 7 сәуірде әйел Астанаға барып, іс бойынша барлық материалдар мен дәлелдерді Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне өзі тапсырған. Оның айтуынша, сол күні кешке WhatsApp арқылы

Бас прокуратурадан күдіктіні ресми түрде тану туралы қаулы келген. Бұған дейін ол адам іс бойынша тек куә ретінде қарастырылып келген.

Әйелдің айтуынша, қылмыстық іс бастапқыда 2023 жылғы 21 қарашада Қылмыстық кодекстің 124-бабы 2-бөлігі бойынша тіркелген. Кейін 2024 жылғы 24 сәуірде жиналған дәлелдерге байланысты іс ҚР ҚК-нің 121-бабы 4-бөлігі бойынша қайта сараланған.

Соған қарамастан, жәбірленуші тараптың айтуынша, тергеу барысында бірқатар сараптамалар бірнеше рет қайта тағайындалып, іс созылып кеткен.

2025 жылғы 28 қарашада іс тағы да тоқтатылған. Ал 17–18 желтоқсанда жәбірленуші тарап облыстық прокуратураға бұл шешімнің күшін жою туралы шағым түсірген.

Анасының сөзінше, күдікті ретінде танылғанына 11 ай өтсе де, оған қатысты ешқандай бұлтартпау шарасы қолданылмаған және ол әлі күнге дейін бостандықта жүр.

Сондықтан әйел істі Ішкі істер министрлігінің Тергеу департаментіне беруді талап етіп отыр.
Сонымен қатар оның айтуынша, өзін «беделді адамдарға жала жапты» деген айыппен жауапқа тартамыз деп қорқытқандар да болған. Осыдан кейін ол Ұлттық қауіпсіздік комитетінің антикоррупциялық басқармасына жүгінген. Алайда оның шағымы қайтадан облыстық полиция департаментіне жіберілген.

«Іс бір мекемеден екіншісіне қайта-қайта жіберіліп, уақыт өтіп жатыр. Тергеу тым ұзаққа созылып барады», – дейді әділдік іздеген ана.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий