Атырауда ауруханаға өз аяғымен келген 16 жастағы қыз отадан кейін көз жұмды

10.09.2026 16:47 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Атырауда ауруханаға өз аяғымен келген 16 жастағы қыз отадан кейін көз жұмды
411
Коллаж: Politico.kz / Фото: ATYRAU.TODAY

Атырауда мұрнындағы кистаны алдыру үшін ауруханаға өз аяғымен келген 16 жастағы Айжан Жаркен жоспарлы отадан кейін көз жұмды. Қыздың анасы оның жағдайы медициналық тампон тыныс алу жолына түскеннен кейін күрт нашарлағанын айтады. Ал денсаулық сақтау басқармасы өлімнің нақты себебі тек сараптама аяқталған соң белгілі болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Айжан кейінгі 4 – 5 ай бойы мұрын қуысындағы кистадан зардап шеккен. Соның салдарынан оның тыныс алуы қиындаған. Отбасы жоспарлы емдеуге жатқызу порталы арқылы кезегін күткен.

Қыздың анасы Мөлдір Сахметованың айтуынша, дәрігерлер кистаны алып тастау процедурасын жеңіл деп сипаттап, шамамен 20 минутқа созылатынын айтқан. Ота 19 тамызда жасалған.

Анасының сөзінше, операциядан кейін медициналық тампон қыздың тыныс алу жолына түсіп кеткен. Медицинада мұндай жағдай аспирация деп аталады.

Мөлдір Сахметова осыдан кейін қызының дем ала алмай қалғанын айтады. Оның сөзінше, миға оттегі жетпей, кейін ішкі ағзалар қатты зақымданған.

«Маған: "Уайымдамаңыз, бұл 20 минуттық лазермен жасалатын жеңіл ота", - деді. Ал бұл есірткілік наркоз болып шықты! Ол есін жиған кезде тампон өкпесіне кетіп қалған... Тынысы тарылып, тұншыға бастады. Мен оларға өмірінде ауруханада жатып көрмеген, 16 жыл бойы ауырмаған мүлдем сау баланы тапсырдым! Мен оларға: "Егер көмектесе алмасаңыз, айтыңыз, өзім Астанаға апарамын, қызымды қалай әкелдім, солай қайтарып беріңіз!" - деп ескерттім. Ал олар оны тасымалдауға болмайтынын қайталаудан жалықпады», – деді Мөлдір Сахметова.

Айжан 7 қыркүйекте қайтыс болды.

Қыздың ата анасы оның өлімінің мән жайын толық әрі ашық тергеуді талап етіп отыр. Олар оқиғаның нақты себебі анықталып, тексеру қорытындысы жұртшылыққа жарияланғанын қалайды.

Денсаулық сақтау басқармасы ота күрделі болғанын айтты

Тілшілер Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасынан жағдайға қатысты түсініктеме сұраған.

Басқарманың мәліметінше, қызға жасалған хирургиялық араласу технологиялық тұрғыдан күрделі процедуралар санатына жатады.

«Бұл ота жоғары дәлдікті талап ететін және техникалық жағынан күрделі хирургиялық араласулар санатына жатады. Медициналық практикада мұндай оталар кезінде және одан кейін белгілі бір қауіп-қатерлер мен асқынулардың туындау ықтималдығы толығымен жоққа шығарылмайды», – деп хабарлады Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Ведомство қыздың жағдайы күрт нашарлағаннан кейін қажетті шұғыл және қарқынды медициналық көмек толық көлемде көрсетілгенін мәлімдеді.

Сонымен қатар республикалық медициналық орталықтардың тиісті бейінді мамандары мен сарапшылары консультацияға тартылған.

«Отадан кейін пациенттің жағдайы күрт нашарлауына байланысты медициналық ұйым шұғыл және қарқынды емдеу шараларын толық көлемде жүргізді. Сонымен қатар республикалық деңгейдегі тиісті бейінді мамандар мен сарапшылардың консультациялары ұйымдастырылды», – деп түсіндірді басқарма.

Өлім себебі сараптамадан кейін анықталады

Қазір 16 жастағы қыздың өліміне байланысты тексеру жүріп жатыр.

Басқарманың мәліметінше, өлімнің нақты себебі мен көрсетілген медициналық көмектің сапасына қатысты түпкілікті қорытынды тек тексеру және сараптама аяқталғаннан кейін шығарылады.

«Объективті қорытынды қалыптастыру мақсатында тәуелсіз бейінді мамандардың қатысуымен медициналық құжаттаманы қарау жоспарланып отыр. Тексеру және сараптама жұмыстары толық аяқталмайынша, қандай да бір алдын ала тұжырым жасауға негіз жоқ», – деп мәлімдеді Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Ведомство жағдайдың ерекше бақылауға алынғанын хабарлады. Барлық қажетті материал құқық қорғау және басқа да құзырлы органдарға тапсырылған.

Ал пациенттің жағдайына қатысты егжей тегжейлі медициналық ақпарат дәрігерлік құпия мен дербес деректерді қорғау туралы заңнамаға байланысты жарияланбайды.

Айжан ұстаз болуды армандаған

Айжан Ақсай ауылындағы 5 бала тәрбиеленіп жатқан көпбалалы отбасының үлкен қызы болған.

Ол 1 сыныптан 10 сыныпқа дейін өте жақсы оқыған және мектепті үздік аттестатпен аяқтауды көздеген.

Қыз болашағын шығармашылық және ұстаздықпен байланыстыруды армандаған. Мектептен кейін ол «Ағылшын тілі және театр өнері мұғалімі» мамандығына оқуға түсуді жоспарлаған.

Войдите, чтобы оставить комментарий