Автобуспен жүру құнын 500 теңгеге көтеру туралы сөз қозғалды

Автобуспен жүру құнын 500 теңгеге көтеру туралы сөз қозғалды
12.10.2025 19:00
0
431
Фото: Freepik/serhii_bobyk

Қазақстанда автобуспен жүру құнын 500 теңгеге көтеру ұсынылды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Мұнай-газ саласының сарапшысы және ҚР Энергетика министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің бұрынғы мүшесі Олжас Байділдинов Астана мен Алматы қалаларында қоғамдық көлік бағасы 500 теңге болуы тиіс деп мәлімдеді.

Сарапшының айтуынша, қазіргі тарифтер тасымалдаушы компаниялардың шығындарын жаппайды, сондықтан олар залалмен жұмыс істеп отыр. Мысалы, Петропавлда қоғамдық көліктің шығынсыз тарифі 345 теңге, бірақ тұрғындар қолма-қолсыз төлеммен 100 теңге, ал қолма-қол төлеммен 170 теңге төлейді.

«Мен бұл туралы бұрыннан айтып келемін: субсидиялар жүйесі ашық емес, сыбайлас жемқорлыққа бейім және пайдаланушыларға сапа әкелмейді. Астана мен Алматыда жолақы 500 теңге болуы керек. Тек Алматының өзінде өткен жылы автобус тасымалдарына субсидия ретінде шамамен 200 миллион доллар бөлінді. Ал, сапа қайда?» — деп жазды Байділдинов.

Маманның пікірінше, жолаушылар жүрген қашықтығына қарай ақы төлеуі керек:

«3 аялдама жүретін адам мен соңғы аялдамаға дейін 1,5 сағат жол жүретін адам бірдей төлемеуі тиіс. Автобус парктеріне берілетін нарықтық емес және ашық емес субсидияларды алып тастап, тарифті нарыққа бейімдеу қажет. Бәрібір ерте ме кеш пе біз оған келеміз», — деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, қазіргі таңда Астанада автобуспен бір рет жүру құны – 110 теңге, ал Алматыда – 120 теңге.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий