Аялдама маңынан табылған мәйіт: Петропавлда 34 жастағы әйел анасын өлтірді
Петропавл қаласында анасы мен қызы арасындағы жанжал қайғылы жағдаймен аяқталды. Сот 34 жастағы Алмагүл Қожумованы анасының өліміне кінәлі деп танып, 9 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Politico kz.
Қайғылы оқиға өткен жылдың 17 қазанында болған. Сол күні таңертең Заречный кентіндегі аялдама маңынан әйел адамның мәйіті табылған. Кейін оның 57 жастағы Петропавл тұрғыны екені анықталған.
Тергеу мәліметінше, марқұм оқиғаға дейін қызының үйінде уақытша тұрған. Екеуінің арасында ақшаға байланысты жанжал туындап, оның соңы төбелеске ұласқан. Сол кезде қызы асүй пышағын алып, анасының кеуде тұсына жарақат салған.
Жараланғанына қарамастан әйел үйден шығып, таныстарына бармақ болған. Куәгерлердің айтуынша, жолда алкоголь ішіп, көше кезіп жүрген. Біраз уақыттан кейін жағдайы нашарлап, автобус аялдамасы маңында есінен танып қалған. Әйел сол жерде көз жұмған. Қайғылы жағдай оның туған күніне екі күн қалғанда болған.
Сот процесі шамамен алты айға созылды. Осы уақыт ішінде айыпталушы тергеу изоляторында болған.
Сот мәліметінше, әйелдің кінәсі куәгерлердің жауабы мен сараптама қорытындыларымен дәлелденген. Айыпталушы кінәсін жартылай мойындаған.
Прокурор оған 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған. Ал жәбірленуші тарап соттан әйелді тым қатаң жазаламауды өтінген.
Сот айыпталушының жасаған ісіне өкінетінін және 13 жастағы ұлы барын ескерген. Алайда оған орташа қауіпсіздік мекемесінде 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Соңғы жаңалықтар