Әйелдердің зейнет жасы біртіндеп 63 жасқа дейін көтеріледі

08.04.2026 16:19 Арман Ермеков
Әйелдердің зейнет жасы біртіндеп 63 жасқа дейін көтеріледі
515
Қазақстанда әйелдердің зейнет жасы 63-ке дейін ұлғаяды/Фото: sputniknews.kz

Еңбек министрлігі Қазақстанда әйелдердің зейнетке шығу жасы біртіндеп 63-ке дейін өсіп, ерлермен теңесетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай елімізде әйелдердің зейнетке шығу жасын көтеру процесі жалғасып, 2031 жылға қарай ол 63 жасқа толатынын жеткізді. Бұған дейін бұл үрдісті тоқтата тұру туралы шешім қабылданғанымен, алдағы уақытта қолданыстағы заңнама аясында ол ерлердің зейнет жасымен бірдей болады.

Осы орайда министрлік егде жастағы әйелдерді жұмыспен қамту мақсатында арнайы «Күміс жас» бағдарламасын іске қосқан. Вице-министр тәжірибелі мамандарды жұмысқа алған мекемелерге жалақының бір бөлігі мемлекет тарапынан субсидияланатынын, сонымен қатар үлкен буын өкілдерін қайта оқыту мен біліктілігін арттыру шаралары да жүріп жатқанын түсіндірді.

Бұл өзгеріс Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесіне өтуімен тікелей байланысты болып отыр. Азаматтардың алатын төлем көлемі олардың еңбек өтіліне тәуелді болғандықтан, жұмыс істеу уақытының қысқаруы зейнетақының азаюына әкеп соғады.

«Қазақстан жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшті, онда зейнетақы азаматтардың жүйеге қатысу мерзіміне тікелей байланысты, сондықтан еңбек өтілінің қысқаруы төлем деңгейінің төмендеуіне әкеледі, осыған байланысты кезінде жасты ұлғайту туралы шешім қабылданды», – деді Виктория Шегай.

Журналистердің бұл қадам әйелдердің зейнетке шыққанда ерлермен бірдей көлемде қаражат алуы үшін жасалып жатыр ма деген сұрағына вице-министр толықтай келісетінін айтты.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий