Әйелін соққыға жығып, мүгедек қылған ер адам бостандықта жүр ме?
Ақмола облысының Зеренді аудандық сотының шешімімен бұрынғы әйелі Алтынай Нұрсұлтанованы соққыға жығып, мүгедек қылғаны үшін сотталған Әсет Аюпов қоныс-колонияға ауыстырылғаны белгілі болды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Бұл туралы адвокат Жанна Уразбахова Instagram парақшасында хабарлап, соттың бұл шешімі жәбірленушінің қатысуынсыз жасырын қабылданғанын атап өтті.
«Судья Каримова сот процесін біздің хабарымызсыз, жасырын түрде өткізді. Өз күйеуінің қатыгездігінен мүгедек болып қалған жәбірленушіні сотқа шақырмады. Алтынай бұл туралы тек кездейсоқ біліп қалған. Сөйтсек, сот актісі 25 қыркүйегінде шығарылған болып шықты», – деп жазды адвокат.
Оның айтуынша, қоныс-колонияда сотталғандар күндіз бостандықта еркін жүріп, тек түнде ұйықтауға ғана барады. Бұған дейін 23 шілдеде дәл осы судья жазаны жеңілдету туралы өтінішті «жеткілікті түзелмеу» және «абақты талаптарын бірнеше рет бұзу» себептерімен қабылдамай қойған. Адвокаттың сөзінше, іс материалдарында 18-ден астам тәртіп бұзушылық көрсетілген. Алайда қыркүйекте шыққан сот актісінде «жазаның мақсаты орындалғаны» және «жәбірленушіге келтірілген залалдың өтелгені» туралы жазылған. Уразбахова «Алтынай Нұрсұлтанованың шамамен 9 миллион теңге болатын медициналық шығындары өтелмегенін» айта отырып, «Онда не өзгерді? Шілдеден қыркүйекке дейінгі екі айдың ішінде қандай өзгеріс болды, судья Каримова неге кенеттен оны қоныс-колонияға ауыстыруға болады деп шешті?» – деп наразылық білдірді.
Оның айтуынша, сот бұл шешімді шығарғанда жәбірленушінің пікірін де ескермеген:
«Енді Алтынай онымен кез келген уақытта көшеде кездесіп қалуы мүмкін. Мен ашу-ызадан дірілдеп отырмын. Бұл қалай болғаны? Әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту туралы жыл сайын айтып жүрген Президенттің тапсырмаларын судьялар елемей отыр ма?», – деп жазды адвокат.
Алтынайдың қорғаушылары сотталушыны қоныс-колонияға ауыстыру туралы шешімге шағым түсірмек.
«25 қараша күні, апелляциялық шағым беру мерзімін қайта қалпына келтіру бойынша сот отырысы өтеді», – деді Уразбахова.
Сонымен қатар адвокат Жоғарғы сотқа жүгініп, жәбірленуші тарапты бұл өтінішті қарау жөнінде не себепті хабардар етпегенін түсіндіруді сұрады.
Соңғы жаңалықтар