Әйелінің бас сүйегін сындырған ер адам жазасыз қалды

27.12.2025 09:55 Мөлдір Талғат Мөлдір Талғат
Әйелінің бас сүйегін сындырған ер адам жазасыз қалды
0
237
Фото: видеодан скриншот

Ақмола облыстық сотының сот алқасы сотталған Асет Аюповты ең төмен қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеге ауыстыру туралы Зеренді аудандық сотының қаулысын өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды  politico.kz.

Осылайша ер адам жазасын өтеу тәртібін жеңілдету туралы шешім заңды күшінде қалды.

Асет Аюпов 2023 жылғы 20 қаңтарда бұрынғы жұбайы Алтынай Нұрсұлтановаға аса қатыгездікпен ауыр дене жарақатын келтіргені үшін 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айырылған. Ол жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі түзеу мекемесінде өтеп келген. Бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырып, жәбірленушінің тағдырына құқық қорғаушылар мен адвокаттар назар аударған.

Алтынай Нұрсұлтанованың ісі туралы құқық қорғаушы Динара Смаилова мен белгілі адвокат Жанна Уразбахова бірнеше рет жазған. Тергеу материалдарына сәйкес, 2022 жылғы 18 наурызға қараған түні болған жанжал кезінде Асет Аюпов әйелінің басынан 25-тен астам рет соққы жасап, бас сүйегін сындырып, бетінің сол жақ бөлігін ауыр дәрежеде жаншып жіберген. Қылмыс жас балалардың көз алдында болған. Айыпталушы оқиғадан кейін тек бір ай өткен соң ғана ұсталған.

Алтынай Нұрсұлтанова бетіне төрт рет ауыр ота жасатқан. Алдағы уақытта тағы бір операция жоспарланып отыр, себебі алған жарақаттарының салдарынан ол көру қабілетінен айырылу қаупімен бетпе-бет келген.

Адвокат Жанна Уразбахованың мәліметінше, қараша айының соңында Ақмола облысы Зеренді аудандық соты судья Каримованың төрағалығымен сотталғанның жазаны өтеу тәртібін өзгерту туралы өтінішін қарап, оны қоныс-колонияға ауыстыру жөнінде шешім қабылдағаны белгілі болған.

«Ал бұл іс жүзінде бостандыққа тең: енді ол кешке дейін еркін жүре алады да, колонияға тек түнеу үшін ғана қайтып келеді! Судья Каримова процесті жасырын түрде, бізге хабарламай, өз күйеуінің және балаларының әкесінің қатыгездігі салдарынан мүгедек болып қалған жәбірленушіні шақырмай өткізді. Алтынай бұл туралы мүлде кездейсоқ білді, сөйтсе, сот актісі бұдан бұрын — 25 қыркүйекте-ақ шыққан екен», – деп жазған еді бұған дейін Жанна Уразбахова.

Бұл шешім қоғамда және әлеуметтік желілерде қызу пікірталас туғызып, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының құқықтарын қорғау мәселесін тағы да алдыңғы қатарға шығарды.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий