Ажалға араша іздеген Ресей басшысы 73 жасында қартаюға қарсы күресті бастады

Путин 73 жасында қартаюмен күресу үшін ғылымға қыруар қаржы бөле бастады
Бүгін Ресей президенті Владимир Путин 73 жасқа толды. Осыған байланысты шетелдік басылымдар оның қартаюды тоқтатуға арналған ғылыми жобаларға мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаржыны едәуір арттырғанына назар аударды.
Ресейде ер адамдар үшін 73 жас дегеніміз айтарлықтай жоғары көрсеткіш. Себебі, ресми дерек бойынша, бұл елде ерлердің орташа өмір сүру ұзақтығы небәрі 68 жасты құрайды. Демек, Путин өз елінің орташа статистикасынан асып кеткен.
Владимир Путин 2000 жылдан бері билікте келеді. Ол 2020 жылы елдің негізгі заңына, яғни Конституцияға арнайы түзетулер енгізіп, өзінің 2036 жылға дейін президент болуына жол ашып қойды. Егер бәрі ойдағыдай болса, сол кезде оның жасы 83-те болады.
Осыдан біраз уақыт бұрын, 3 қыркүйекте Бейжіңде Қытай басшысы Си Цзиньпинмен кездесуі кезінде байқаусызда жазылып қалған әңгімеде екі көшбасшы заманауи медициналық технологиялардың көмегімен өмір сүру ұзақтығын арттыру перспективаларын талқылаған. Кейінірек бұл жазба бірнеше БАҚ-та жарияланып, Қытай тарапының өтінішімен жойылған. Кейінірек Путиннің өзі бұл әңгіменің болғанын растап, қазіргі медицина адам өмірін 150 жылға дейін ұзартуға мүмкіндік беретініне сенетінін айтқан.
«Қазіргі медицина, ең алдымен ағзаларды ауыстырып отырғызу операциялары адам өмірін едәуір ұзартуға мүмкіндік береді», — деді ол.
«Новая газета Европа» басылымының зерттеуіне сәйкес, Ресейде қартаюды зерттеуге бағытталған ғылыми жобалардың саны күрт өскен. Мысалы, 2016-2022 жылдар аралығында бұл салаға 21 миллион рубль болатын 7 жоба мақұлданса, 2021-2025 жылдар аралығында олардың саны 43-ке жетіп, жалпы қаржыландыру көлемі 172 миллион рубльді құраған. Яғни, қаржыландыру көлемі алты есеге артқан.
Ең қызығы, биыл қаржыландырылған зерттеу бағдарламаларының бірін Владимир Путиннің эндокринолог болып жұмыс істейтін үлкен қызы Мария Воронцова басқарады. Оның жобасы ағзадағы жасушалардың жаңару процестерін реттеп, денсаулық пен белсенді ұзақ өмір сүруді қамтамасыз етуге бағытталған.
Айта кетейік, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинді туған күнімен құттықтады.
Дереккөз: Le Monde
Соңғы жаңалықтар





