Балқаштық металлургтер жаңа Конституция бойынша өтетін референдумды қолдады
Kazakhmys Smelting кәсіпорны Балқаш мыс балқыту зауытының ұжымы 2026 жылғы 15 наурызда өтетін жалпыхалықтық референдумда жаңа Конституция жобасын қолдайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Кәсіпорын металлургтері өндірістегі әр маманның еңбегі қаншалықты маңызды болса, мемлекет деңгейінде де әрбір азаматтың таңдауы ел болашағын айқындайтынын алға тартты. Олардың пікірінше, заң үстемдігі мен әділдікке құрылған тұрақты қоғамда адам құқығы қатаң сақталып, еңбек адамының мәртебесі артуы тиіс.
«Біз үшін ең бастысы – қауіпсіз еңбек. Жұмысшының өмірі мен денсаулығы бәрінен жоғары тұруы тиіс. Әділ жалақы, кемсітушіліктің болмауы, тұрақты әлеуметтік қорғау және демалыс құқығы – бұл жай талап емес, бұл – нақты кепілдік болуы керек», – деді өндіріс өкілдері.
Жаңа Ата заң жобасы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғап, әлеуметтік жауапкершілікті күшейтуді көздейді. Еңбек адамын елдің басты тірегі санайтын зауыт жұмыскерлері 15 наурызда өтетін бұл саяси науқанды мемлекет ертеңі үшін жасалатын маңызды әрі жауапты қадам деп бағалап отыр.
Последние новости