"Бақай" әншісі: «Кім кінәлі?» әні Сарыағаштағы жігіттің оқиғасына негізделген

27.08.2026 19:30 Томирис САҒЫНДЫҚ
136
Фото: видеодан скриншот

«Бақай» тобының әншісі Бек Шәріп өзінің репертуарындағы «Кім кінәлі?» және «Топан су» хит әндерінің шығу тарихы мен олардың негізінде жатқан шынайы оқиғалар туралы айтып берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Бек Шәріп «Кездесу» подкастында әңгімеледі.

Әншінің айтуынша, тыңдарманға кеңінен танымал «Кім кінәлі?» әнінің сөзін оның сыныптасының әпкесі Айжамал Аханова жазған. Поэзияға әуестігі бар автор бұл туындыны Сарыағаштағы тойлардың бірінде өмірдің қиындығына шағымданған бейтаныс жігіттің сырын тыңдағаннан кейін қағазға түсірген.

«Кім кінәлі?» әнінің сөзін Ердәулет есімді сыныптасымның әпкесі Айжамал Аханова жазған. Ол Сарыағашта тойда жүріп, бір жігіттің мұң-зарын, «өмірден шаршадым» деп қиналған сәттерін естиді. Жігіт оған ішіндегісін айтып, жылайды. Үйге келген соң Айжамал осы жағдайды бірден қағазға өлең етіп түсіреді. Оның өлең жазатын бір қасиеті бар еді», – дейді әнші.

Бек Шәріп бұл өлеңді мектеп қабырғасында жүргенде сыныптасының көмегімен дәптерден көшіріп алғанын атап өтті. Кейіннен ұзақ мәтінді рэп бағытында өңдеп, заманауи форматта жазып шығарған.

«Мен 10-сыныпта оқып жүргенімде ән жазып, тойға шығып, ансамбльде ойнайтынмын. Бірде Ердәулет: «Менің әпкемнің өлең жазатын дәптері бар, саған алып шығып берейін. Тек байқатпай, тез көшіріп алып, әкеліп бер» – деді. Ол кезде өлеңді көшіріп алған едім. Кейін, 11-сыныпта және 1-курста оқып жүргенімде, ән жазып жүрдім. «Кім кінәлі?» әнінің сөзі ұзақ болып, қандай бағытта ән жазатынымды білмей жүргенмін. 2003 жылы «Кім кінәлі?» әнін рэп бағытында жазып көрейінші деп, эксперимент жасадым. Жазып едім, кеңінен тарап кетті. Бұл – Сарыағаш қаласында бір жігіттің басынан өткен шынайы оқиға», – деді орындаушы.

Ал «Топан су» шығармасының мәтіні атыраулық ақын Аманқос Ершуовтың өлеңдер жинағынан алынған. Онда ертедегі табиғи апат — жойқын сел мен одан кейінгі қатты аяз кезіндегі халықтың ауыр халы, аштық пен қиын-қыстау замандағы адамдар тағдыры суреттеледі.

«Топан су» әніне келетін болсақ, Атырау қаласында Аманқос Ершуов ағамыздың өлең кітабының ішінен осы «Топан суды» сұрап алған едім. Баяғыда қатты сел жүріп, артынан аяз болған кездегі оқиға екен. Қаншама қазақтар, білезік, күміс, алтынға бай болған ғой. Осы жақтан да, жан-жақтан да келіп, мұздарды тесіп, қолдарын шауып, жүзіктерін, білезіктерін алып, осындай қиыншылық заманды суреттеп жазған. Бұл – үлкен поэзия. Біз оның арасынан теріп-теріп, осы өлеңге сыйдырдық. Әйтпесе, ол өте үлкен, ұзақ шығарма. Осылайша тарихты өлеңге түсірген», – деп түйіндеді ол.

Войдите, чтобы оставить комментарий