"Басқа еркектен жүкті болған". Миллионердің әйелі 65 жылға сотталды

16.07.2026 23:10 Томирис САҒЫНДЫҚ
100
Фото: scmp.com сайтынан алынды

Қытайда ер адам өзін алдап, дүние-мүлкін иемденбек болған және өміріне қастандық ұйымдастырған әйелінің қылмысын әшкерелеу үшін тоғыз жыл мен қыруар қаржысын жұмсаған, деп хабарлайды Politico.kz.

 Бұл туралы South China Morning Post басылымы жазды.

Оқиға желісі дәулетті инвестор Ли Пиннің төңірегінде өрбиді. Биржада жолы болып, ірі байлыққа кенелген Ли 2014 жылы банк қызметкері Чжан Шуданьмен танысады. Бойжеткен өзінің ауыр балалық шағы мен өмірдің қиындықтарын өз күшімен жеңгені туралы әсерлі оқиғаларды алға тартып, инвестордың сеніміне тез кіріп үлгереді.

Сенімнің соңы махаббатқа ұласып, Ли оның банкіне ірі көлемде ақша аударады. Көп ұзамай екеуі шаңырақ көтеріп, жомарт күйеуі жас жұбайына Шэньчжэнь қаласынан зәулім пәтер де сатып әперген.

Тежегіші істен шыққан көлік пен кенеттен жоғалу

Алайда, отбасылық бақыт ұзаққа созылмады. Үйлену тойынан кейін көп ұзамай күмәнді жағдайлар белең ала бастайды. Күндердің күнінде Ли тізгіндеген көліктің тежегіші кенеттен істен шығады. Ажалдан аман қалған ер адам көп ұзамай екінші соққыны қабылдады: оның жүкті әйелі аяқ астынан Лос-Анджелеске ұшып кеткен. Оның үстіне, ол өзімен бірге қомақты қаражат пен бірнеше пәтердің құжатын ала кеткені белгілі болды.

Кейін жүргізілген тергеу амалдары қорқынышты шындықтың бетін ашты. Чжан өзінің сыбайласымен бірге Лидің көлігінің тежегіш жүйесін әдейі бүлдірген. Олардың түпкі мақсаты — миллионерді өлтіріп, оның бүкіл байлығына жалғыз мұрагер ретінде иелік ету болған. Мұнымен қоса, әйелдің құрсағындағы сәбидің де Лиден емес екені анықталды.

Миллион долларлық сыйақы және АҚШ-тағы тұтқындау

Опасыздық пен қастандықтан есеңгіреп қалған ер адам әділдік орнатуды мақсат етеді. Ол қашқын әйелді табу үшін Қытай мен АҚШ-та жеке детективтер мен білікті заңгерлер жалдайды. Күдікті туралы нақты ақпарат берген адамға Ли тіпті 1 миллион доллар сыйақы жариялаған.

Көпжылдық ізденіс пен сот залындағы тартыстар өз нәтижесін берді:

  • 2020 жылы Қытай соты олардың некесін заңсыз деп танып, Лидің барлық мүлкін өзіне қайтарды;
  • 2024 жылы қашып жүрген Чжан АҚШ аумағында қолға түсті.

Америкалық сот әйелді алаяқтық, адам саудасы және бала ұрлау секілді бірнеше ауыр қылмыстар бойынша кінәлі деп танып, 65 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім кесті. Осылайша, тоғыз жылға созылған заңды күрес пен миллиондаған шығын әйелдің темір торға тоғытылуымен аяқталды.

Войдите, чтобы оставить комментарий