"Таяқпен, жұдырықпен ұрады": Алматыдағы арнайы орталықта ерекше балаларды ұрып-соққан

03.03.2026 12:15 Мөлдір Талғат
324
Фото: видеодан скриншот

Алматы қаласында орналасқан “Феникс” арнайы орталығының қызметіне қатысты дау шықты. Ата-аналар орталық қызметкерлері ерекше қажеттілігі бар балаларды жүйелі түрде ұрып-соғады деп мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Ақпарат алғаш рет Threads желісінде жарияланған. fey4ka лақап атымен танымал блогер Перизаттың жазбасында орталық қызметкерлері тәрбиеленушілерге күш қолданғаны айтылған. Оның сөзінше, балаларды таяқпен ұру, сабақ кезінде аяғынан шалып құлату және басқа да қорлық көрсету деректері тіркелген.

«Орталықта диагнозы бар балаларды жүйелі түрде ұрып-соғады. Бастарынан таяқпен ұрады, жұдырықпен ұрады, қорлық көрсетеді – мұның бәрін ата-аналар өз көздерімен көрді. Біз орталық жұмысын жалғастырып, кінәлілер жазасыз қалып қоя ма деп қорқамыз», – делінген жазбада.

Бейнежазбада көрінген балалардың бірінің анасы да өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, 23 ақпанда бейнебақылау камераларының жазбаларын қарау кезінде күш қолдану фактілері анықталған.

«Видеодағы баланың анасымын. Бұл бір рет қана болған жағдай емес. Орталық директоры мен оның күйеуі бейнебақылау камераларының қатқыл дискілерін алып, үйлеріне әкеткен. Біз жазбаларды қайтарып алып, көре алдық. Видеода жаттықтырушының менің баламды жүгіру жолағында аяғынан шалып құлатқаны көрінеді. Бала құлағаннан кейін оның аяқ саусақтарын және басын таяқпен ұрған», – деді әйел.

Ата-аналар орталықта бейіндік білімі жоқ қызметкерлер жұмыс істеуі мүмкін екенін де алға тартты. Сонымен қатар балалардың заңды өкілдерінің келісімінсіз оларды тікелей эфирде көрсету фактілері болғанын мәлімдеді.

Қазіргі уақытта аталған жағдайға қатысты ресми органдардың түсініктемесі жарияланған жоқ.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий