«Басыңды кесіп аламын»: Астанада ер адам 11 жастағы баланы ұрып қорқытқан

«Басыңды кесіп аламын»: Астанада ер адам 11 жастағы баланы ұрып қорқытқан

Астанада ер адам 11 жастағы баланы футбол алаңында басынан ұрып, кейін қорқытқан, деп хабарлайды Politico.kz.

Баланың әкесі оқиғаның мән-жайын әлеуметтік желіде жариялап, бейнебақылау камерасындағы жазбаларды бөлісті.

Әкенің айтуынша, көк жейде мен ақ шолақ шалбар киген бейтаныс ер адам футбол алаңында ойнап жүрген балаларға жақындап, оның ұлының басынан ұрған. Алайда соққы жасалған сәт камераға түспеген. Себебі алаң алдындағы бұталар көріністі жауып қалған.

Оқиғадан кейін баланың көзі қарауытып, өзін жайсыз сезінген. Әкесінің сөзінше, ұлы жылап, ер адамнан өзіне енді тиіспеуін өтінген. Бірақ ол баланы одан әрі қорқытып, қоқан-лоқы көрсеткен.

«Балам: “Өтінемін, мені ұрмаңыз, ауырып тұр”, — деп жалынған. Ал әлгі адам оған: “Басыңды кесіп аламын. Қыз сияқты неге жылайсың? Мен сені қатты ұрған жоқпын ғой”, — деп қорқытқан», — дейді баланың әкесі.

Оның айтуынша, ер адам шамамен жеті-сегіз минут бойы баланы қорқытуды жалғастырған. Кейін баланың басы айналып, тыныс алуы қиындап, футбол алаңында құлап қалған. Әкесі ер адамның баланың жағдайын көре тұра, өз балаларымен бірге оқиға орнынан кетіп қалғанын айтады. Ал алаңдағы өзге балалар зардап шеккен баланы тұрғызып, үйіне дейін шығарып салған.

«Балам басын ұстап, қатты ауырып тұрғанын айтты. Тағы соққы жеп қаламын деп қорыққандықтан, әрең шыдап тұрған», — деп жазды әкесі.

Астана қаласындағы №2 қалалық балалар ауруханасының медициналық анықтамасына сәйкес, отбасы 2026 жылғы 21 шілдеде медициналық көмекке жүгінген. Дәрігерлер баланың маңдай тұсындағы жұмсақ тіндерінің соғылуы диагнозын алдын ала қойған. Тексеру кезінде жедел нейрохирургиялық патология анықталмаған. Балаға дәрігер бақылауында болу және ем қабылдау ұсынылған.

Сонымен қатар баланың әкесі болған жағдайды ұсақ бұзақылық ретінде саралауы мүмкін деген болжаммен келіспейтінін жеткізді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу