Бейімбет Майлиннің ескерткішіне шыққан қыз жауапқа тартылды

27.05.2026 10:41 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Бейімбет Майлиннің ескерткішіне шыққан қыз жауапқа тартылды
926
Фото: Бейнеден алынған кадр

Астанадағы Қаламгерлер аллеясында Бейімбет Майлиннің ескерткішіне шығып суретке түскен бойжеткен ұсталып, ісі сотқа өтті, деп хабарлайды Politico.kz.

Кеше елорда тұрғыны Қаламгерлер аллеясындағы «Үш бәйтерек» монументінің жанында демалып отырып, мүсін басына шығып алған қыздарды байқаған. Ол мәдени нысанға құрметсіздік танытқандарға ескерту жасап, әрекеттерін ұялы телефонына түсіріп желіге жүктеді.

«Қаламгерлер аллеясында демалып отыр едім. Кенеттен мынадай келеңсіз іске куәгер болдым. Ашу қысып қасына жетіп барып бұл тұлғалардың кім екенін білесіңдер ме десем, көздері адырайып, что, что деуден ары аспады. Сөзіме дәлел ретінде олардың бұл топастығын видеоға түсіріп алдым. Еш ұялу, кешірім сұрау жоқ. Бұл басыну ма әлде надандық па», – деп жазды наразылық білдірген куәгер.

Аталған бейнежазба әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен соң қалалық полиция департаменті іске араласты. Тәртіп сақшылары бейнежазбадағы қыздың жеке басын анықтап, оны бірден аудандық басқармаға жеткізген.

«Әлеуметтік желілерде қыздың фотосуретке түсу барысында Бейімбет Майлиннің ескерткішіне шығып, мәдени нысан мен қоғамдық орынға құрметсіздік танытқаны бейнеленген видео тарады. Полиция қызметкерлері 18 жастағы Астана тұрғынын анықтап, Байқоңыр ауданы Полиция басқармасына жеткізді. Құқық бұзушы ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауаптылыққа тартылды. Материалдар шешім қабылдау үшін сотқа жолданды», – деп хабарлады Астана қаласының полиция департаменті.

Полиция осындай әрекеттерге жол берілмейтінін және мәдениет нысандары мен тарихи мұраларға ұқыпты әрі құрметпен қарау қажеттігін ескертеді. Сондай-ақ ескерткіштерді, мәдениет және тарихи мұра нысандарын қасақана бүлдіру вандализм ретінде бағаланып, заңда белгіленген жауапкершілікке, соның ішінде қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын еске салды.

Войдите, чтобы оставить комментарий