"Біреуі жасөспірім": Балқашта үш ер адам бір кісіні тепкілеп өлтірді

Фото: Жи

Балқаш қаласында үш адам жабылып бір адамды аяусыз соққыға жығып, өліміне себепкер болды. Кінәлілердің бірі — кәмелетке толмаған жасөспірім. Қарағанды облысының мамандандырылған соты іс бойынша үкім кесті, деп хабарлайды Politico.kz 

Қайғылы жағдай 2025 жылдың 22 желтоқсанына қараған түні болған. Үшеуі алдын ала өзара келісіп, төбелес кезінде қала тұрғынын жерге құлатып, бас тұсынан қолмен де, аяқпен де аяусыз тепкілеген. Ауыр соққылардан есін жия алмаған азамат аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмды. Олардың бұл әрекеті бейнебақылау камераларына түсіп қалып, куәгерлердің сөзімен және сот сараптамаларымен толық расталды.

Сотта жәбірленушінің жақындары бұл әрекетті қасақана «Адам өлтіру» бабымен жазалауды талап етті. Алайда сот істі денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіріп, абайсызда кісі өліміне әкеп соқтыру фактісі бойынша қарады.

Нәтижесінде кәмелетке толмаған жасөспірім 8 жылға, ал оған қосылып адамды тепкілеген екі сыбайласы 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар сотталғандар марқұмның отбасына моральдық шығын ретінде 10 миллион теңге және өкілдік қызметтер үшін 3,5 миллион теңге төлеуге міндеттелді.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу