"Бірінің артында жүкті жары қалды": Түркістан облысында Сырдарияға батып кеткен екі ағайындының денесі табылды

25.08.2026 11:27 Мөлдір ҚАЙНАР
442
Фото: әлеуметтік желі

Түркістан облысы Сауран ауданында Сырдария өзеніне батып кеткен екі ағайынды жігіттің мәйіті екі күнге созылған іздестіру жұмыстарынан кейін табылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Қайғылы оқиға 22 тамызда орын алған. 1998 және 2002 жылы туған ағайынды азаматтар суға түсуге тыйым салынған жерде шомылған. Бірі суға батып бара жатқанда, екіншісі оны құтқармақ болып, екеуі де суға кеткен.

Іздестіру шараларына ТЖД құтқарушылары, полиция, дәрігерлер және жергілікті тұрғындардан құралған 90-ға жуық адам, арнайы техникалар мен дрондар жұмылдырылды. 24 тамызда оқиға орнынан 6 шақырым жерден 2002 жылғы інісінің, ал 25 тамызда 30 шақырым қашықтықтан 1998 жылғы ағасының денесі судан шығарылды.

Марқұмдардың артында кішкентай балалары қалды. 1998 жылы туған азамат Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасында қызмет еткен, артында 2,5 жастағы баласы мен жүкті әйелі қалды. Ал 2002 жылғы інісі жақында ғана Назарбаев Зияткерлік мектебіне жұмысқа орналасқан, оның да 1,5 жасар сәбиі бар еді.

Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға тыйым салынған және қауіпті жерлерде суға түспеуді, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертеді.

Войдите, чтобы оставить комментарий