"Бірнеше ай жалақы бермеген": Танымал кәсіпкерді не үшін атып өлтіргені белгілі болды
Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында танымал фермер Азамат Батановтың өліміне қатысты резонансты істі қарау басталды. Сот процесі алқабилердің қатысуымен өтіп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Қайғылы оқиға өткен жылдың 31 қазанында Тимирязев ауданындағы Докучаево ауылында болған. Тергеу дерегінше, 22 жастағы Вадим Орлов мас күйінде фермердің үйіне барып, бірнеше айлық еңбекақысын талап еткен. Алғашында әлеуметтік желілерде Батановтың өзі мылтық алып шыққаны айтылғанымен, кейін күдіктінің үйге қарумен келгені анықталды.
Айыптау нұсқасына сәйкес, Орлов бұған дейін де ауылдасына мылтықпен қорқытып, жерге оқ атқан. 31 қазан күні ол серігі Виктор Торгашовпен бірге көлікпен фермердің үйіне барған. Орлов қолына тіркелмеген аңшы мылтығын алып, есік алдына шыққан.
Фермер Батанов қорғану мақсатында әуеге ескерту оғын атқан, алайда Орлов оған кеуде тұсынан дәлдеп оқ атқан. Батанов құлағаннан кейін, айыпталушы оның мылтығын алып, басына екінші, «бақылау» оғын жасаған. Фермер оқиға орнында көз жұмған.
Прокурордың мәлімдеуінше, екінші айыпталушы Виктор Торгашов қылмыс кезінде көлікте отырған. Кейін Орлов оған мылтықты беріп, жасыруды тапсырған. Торгашов қаруды шөп маясының арасына тығып, ауыр қылмыс туралы құқық қорғау органдарына хабарламаған.
Сот жалғасып жатыр.
Соңғы жаңалықтар