Блогерлер заңсыз казино жарнамасы үшін қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін

ҚАРЖЫЛЫҚ МОНИТОРИНГ АГЕНТТІГІ ЗАҢСЫЗ ОНЛАЙН-КАЗИНОЛАРДЫ ЖАРНАМАЛАҒАН 34 ТАНЫМАЛ БЛОГЕРДІ АНЫҚТАҒАНЫН МӘЛІМДЕДІ, ДЕП ХАБАРЛАЙДЫ POLITICO САЯСИ-ӘЛЕУМЕТТІК ПОРТАЛЫ.
Олардың арасында рэпер "Baller" (Шыңғысхан Көпбаев) мен "Nakonay Qarapaiym" (Нұрғазы Тоқтаров) сияқты миллиондаған оқырманы бар инфлюенсерлер бар. Агенттік әкімшілік айыппұлдардың тиімсіз екенін айтып, енді мұндай әрекетті заңсыз ойын бизнесіне жәрдемдесу деп қарастырып, қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынып отыр.
Қаржылық мониторинг агенттігі заңсыз ойын бизнесімен күресті, әсіресе шетелде тіркелген онлайн-казинолардың жарнамасымен айналысатын отандық блогерлерді анықтауды күшейтті. Жыл басынан бері 34 блогердің осындай заңсыз әрекетке қатысы бары анықталды. Олардың 11-і әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 23-іне қатысты материалдар Мәдениет министрлігіне жіберілді.
Агенттік мәліметінше, кейбір блогерлер заңды жүйелі түрде бұзып келеді. Мысалы, хип-хоп орындаушы "Baller" (Шыңғысхан Көпбаев) жыл басынан бері осы әрекеті үшін бес рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Басқа блогерлер бұл жарнамадан миллиондаған табыс тапқан. Наиль Тұрғанов(Niko Net) 8 млн теңгеден астам, ал "Nakonay Qarapaiym" (Нұрғазы Тоқтаров) 15,8 млн теңге табыс алып, оның жартысын өзі жарнамалаған казинода ұтылып қалған.
Қайсар Қамза есімді блогер өзінің Telegram-арнасында онлайн-казиноға тіркелудің нұсқаулықтарын таратып, "жеңімпаздар" туралы жалған видеолар жариялап, жарнамадан түскен ақшаға Оңтүстік-Шығыс Азия, БАӘ, Түркия елдерінде қымбат қонақүйлерде демалып, сән-салтанатты өмір салтын көпшілікке паш еткен. Бұл тізімде Мариям Құлжабаева, Зухра Хакиева, Диана Халметова сияқты әйел блогерлер де бар.
Қаржылық мониторинг агенттігінің атап өтуінше, блогерлер миллиондаған пайда тауып, айыппұлдарды оңай төлеп, заңсыз әрекеттерін қайта жалғастыра береді. Осыған байланысты Агенттік енді мұндай әрекеттерді ҚР Қылмыстық кодексінің 28-бабының 5-бөлігі бойынша "заңсыз ойын бизнесіне жәрдемдесу" ретінде қарастыратынын ескертті. Сонымен қатар, қаржы пирамидаларының жарнамасы сияқты, онлайн-казино жарнамасы үшін де қылмыстық жауапкершілік енгізуге бастамашылық жасап жатыр.
Агенттік блогерлерді жауапкершілік танытып, заңсыз ойын бизнесін жарнамалаудан бас тартуға шақырды және күмәнді ұсыныстар туралы "АФМ Insider" телеграм-ботына хабарлауды сұрады.
Соңғы жаңалықтар





