«Болған оқиға сөзіңізді жоққа шығарып отыр»: Бектенов «Қазмырыш» басшысына тапсырма берді
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мамыр айында үш адамның өмірін қиған жарылыстан кейін «Қазмырыш» компаниялар тобының бас директоры Жанат Жанботинге өндірістегі қауіпсіздікті күшейту бойынша шұғыл қосымша шаралар қабылдауды тапсырды, деп хабарлайды Politico.kz.
Жиында кәсіпорын басшысы Жанат Жанботин өнеркәсіптік қауіпсіздікке жыл сайын 27 млрд теңгеден астам инвестиция бөлінетінін және бұл соңғы 5 жылда өндірістік жарақаттану деңгейін 34%-ға төмендетуге мүмкіндік бергенін баяндады. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта министрліктермен бірлескен тәуекелдерді басқару жөніндегі жұмыс тобы құрылып, нысандарды қашықтан бақылау мен жерасты кеніштеріндегі қызметкерлердің орналасқан орнын анықтау жүйелері белсенді енгізілуде.
«Компанияда қауіпсіздікті бақылаудың заманауи цифрлық құралдары енгізілген. Тәуекелдерді басқаруға, ауытқуларды бақылауға, қызметкерлерді оқытуға, тексерулер жүргізуге және түзету іс-шараларын орындауға мүмкіндік беретін OneAPP цифрлық жүйесі жұмыс істейді. Цифрландырудың негізгі элементтерінің бірі – қызметкерлер мен техниканы орналастыру жүйесі енгізілген жерасты кеніштері. Ол нақты уақыт режимінде жұмыскерлер мен өздігінен жүретін жабдықтардың қозғалысын көрсетеді. Қауіпсіздікті арттырудың қосымша құралы – соқтығысулар мен қауіпті жақындаулардың алдын алатын, өздігінен жүретін техникада орнатылған жүйе», — деді Жанат Жанботин.
Алайда Үкімет басшысы кәсіпорындағы цифрландыру есептеріне қарамастан, жақында болған қайғылы жағдайды алға тартып, атқарылған жұмыстардың жеткіліксіз екенін ескертті.
«Жақсы баяндап тұрсыз, бірақ мамыр айында болған оқиға сөзіңізді жоққа шығарып отыр. Сондықтан қосымша белсенді шаралар қабылдаңыздар», — деді Олжас Бектенов.
Естеріңізге сала кетсек, осы жылдың 5 мамырында «Қазмырыш» компаниясының Өскемендегі мырыш зауытында технологиялық процестің бұзылуы салдарынан жарылыс болып, 3 қызметкер қаза тапқан болатын. Бүгін сол нысанның өндірістік орындарында қауіпсіздікке ерекше бақылау режимі енгізіліп, ауытқуларды анықтау мақсатында 11 мың жұмыс орнына тексеру жүргізілді.
Айта кетейік, Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов бұл төтенше жағдайдың алдын ала себебін жария еткен болатын.
Соңғы жаңалықтар