Боранбаевтың жұбайы: Қыздарым "әкем сияқты жігітке тұрмысқа шығамын" деп айтады
Танымал актер Асылбек Боранбаевтың жұбайы Гүзел Ушурова отбасылық өмірдің қалыптасу тарихы мен отбасын берік ұстаудың басты қағидалары туралы айтып берді. Оның сөзінше, некенің сақталуы екі тараптың да жауапкершілігі мен өзара түсіністігіне байланысты, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Гүзел Ушурова Hit TV арнасына берген сұқбатында айтты.
Актердің жұбайы өз сөзінде балалық шағын, анасының берген өсиетін және сол кездегі отбасылық құндылықтарды еске алды.
«Мен Жамбыл облысы, Луговой ауданына қарасты, бұрын «Калинин», ал қазір «Көкдөнен» деп аталатын ауылда дүниеге келдім. Отбасымызда жеті баламыз: бес қыз және екі ұл. Сол ауылда мектепті бітіріп, 1991 жылы оқуға түстім. Кейін екі жоғары оқу орнын аяқтап, аспирантурада білім алдым. Осы аралықта тұрмыс құрып, бала-шағалы болдық. Үлкендер жағы: «Өнер адамына тұрмысқа шығу оңай емес. Олардың үйі де, тұрақты орны да болмайды, қазір сезімге беріліп қосылып жатырсыңдар» дейтін. Ал анам жолға шығарда: «Қызым, сен әлі жассың, жиырмаға жаңа толдың. Ақылың бар ғой, ел-жұрттың алдында жүзімізді төмендетпе, бізді жерге қаратпа» деп өсиет айтты. Өмір болған соң, түрлі жағдайлар кездеседі. Біздің жас кезімізде ажырасу деген ұғым мүлде болмайтын. Ол тұтас бір әулетке, ауылға үлкен ұят, трагедия болып көрінетін. Сондықтан ойымызға ажырасу туралы нәрсе кіріп те шықпаған. Өмірдің ыстығы мен суығы қатар жүреді. Асылбекке де жиі айтамын: осы жылдар ішінде қиындыққа қарағанда қуанышты күндеріміз, бақытсыз сәттерге қарағанда бақытты шақтарымыз әлдеқайда көп болды. Әрине, бұл тек менің ғана еңбегім емес, «Ер жігіттің мойнында қыл арқан шірімей тұрмайды» демекші, бұған Асылбектің де қосқан үлесі зор. «Ер – түздің адамы» дейді ғой, бұрын біздің әкелеріміз де үйде көп болмайтын, таңнан кешке дейін отбасын асырау үшін жұмыс істейтін», – деді актердің әйелі.
Сонымен қатар Гүзел Ушурова ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластық, сабырлылық және бала тәрбиесіндегі әкенің орнына тоқталды.
«Өз басым ерлі-зайыптылар бір-бірін толықтырып отыруы керек деп есептеймін. Асылбектің бойында сабырлылық пен шыдамдылық басым. Тойға немесе басқа да іс-шараларға жиналғанда, мен жұмыстан келіп дайындалғанша, ол мені сабырмен күтіп отырады. «Неге кешіктің?» деп айтпайды. Керісінше, оны ұзақ күттіріп қойғаныма өзім іштей ұяламын. Қыздарымыз да: «Біз де папамыз сияқты жігітке тұрмысқа шығуымыз керек» деп отырады. Асылбек жұмыстан келе жатқанда, балалармен бірге дастарқан жайып, арнайы дайындаламыз. Бірде құрбым: «Сендер Асылбекті үйге қонақ келетіндей күтеді екенсіңдер» деп таңғалған еді. Себебі ол бізге ешқашан артық талап қоймаса да, өзінің іс-әрекетімен құрмет ұялатады. Жалғыз ұлымыз да: «Әкем сияқты болсам, жаман болмаймын» деп өсті. Балалар оның бойынан нағыз ер-азаматқа тән қасиеттерді көрді. Осындай түсіністіктің арқасында отбасымыз берік болып отыр», – деді Гүзел Ушурова.
Сөз соңында ол отбасылық шаңырақтағы сенімділік ортасы мен түсіністіктің маңызын атап өтті.
«Былтыр үйде су құбыры жарылып кеткенде, оны қалай өшірерімізді білмей, Асылбекке хабарластым. Ол: «Не болды, тыныштық па?» деп бірден уайымдап қалды. Содан кейін оның мазасын бекерге алмайтын болдық. Мен Асылбекке қатты сенгендіктен әрі оның бойында салмақтылық пен сенімділік басым болғандықтан, біздің отбасымызда орынсыз қызғаныш пен келіспеушіліктер мүлде болған емес. Мұндай ортада ең бастысы – түсіністік пен бір-бірін сыйлай білу деп білемін», – деді актердің жары.
Соңғы жаңалықтар