Ботагөз Омарова: Берденовке қастандықтың артында 3,4 миллиард теңге тұр

Журналист Ботагөз Омарова Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандықтың артында бюджеттің миллиардтаған қаражаты тұруы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды POLITICO.KZ саяси-әлеуметтік порталы.
Омарованың айтуынша, бұл іс бойынша басты күдікті, Берденовтің бұрынғы қарамағындағы қызметкері Ернар Жиенбай тендерсіз алған 3,4 миллиард теңгенің есебін бере алмағаннан кейін осындай қадамға барған. Журналист бұл қылмыстың себебі «қызғаныш» емес, ірі көлемдегі қаржы дауы екеніне сенімді.
Журналистің зерттеуіне сәйкес, күдікті Ернар Жиенбай прокурордың ұлы болып шыққан және «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-ін басқарған. Бұл компания Шымкенттегі көппәтерлі үйлерді жөндеуге арналған 3,4 млрд теңгені конкурстық рәсімсіз алған. Қастандықтан 10 күн бұрын Шымкент әкімдігінде өткен жиналыста Берденов Жиенбайдан осы қаражаттың есебін талап еткен. Алайда, Жиенбай есеп бере алмай, жоспарланған 22 үйдің тек 10-ы ғана жөнделгені анықталған. Осыдан кейін екеуінің арасында жанжал туып, Жиенбайды жиналыс залынан шығарып жіберген.
Ботагөз Омарованың пікірінше, күдікті ірі көлемдегі қаржыны жымқырғаны үшін берілетін 12 жылдық қатаң жазадан құтылу үшін «қызғаныш» оқиғасын ойдан шығарып отыр.
«Бұл оқиға махаббат туралы емес, 3,4 миллиард теңге туралы. Бұл «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-нің орындалмаған міндеттемелері мен мақсатсыз жұмсалған ақша туралы іс болса, таңғалмаймын», - деп жазады журналист.
Ол сондай-ақ күдіктінің әкесінің зейнеттегі прокурор екенін ескеріп, соттың әділ өтетініне күмән келтіреді.
Соңғы жаңалықтар





