Бұрынғы министр өлім жазасына кесілді

Қытайдың бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі өлім жазасына кесілді, деп хабарлайды халықаралық Reuters агенттігі.
Қытайдың бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі Тан Жэньцзянь ірі көлемде пара алғаны үшін өлім жазасына кесілді. Ол өз кінәсін мойындап, өкінгеніне қарамастан, сот ең қатаң үкімді шығарды.
Үкімнің ерекшелігі неде?
Чанчунь қаласының соты Тан Жэньцзяньды өлім жазасына кесті, бірақ үкімнің орындалуын екі жылға кейінге шегерді. Бұл дегеніміз, егер ол осы екі жыл ішінде түрмеде өзін үлгілі ұстап, жаңа қылмыс жасамаса, оның өлім жазасы өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылады.
Оған қандай айып тағылды?
Соттың анықтауынша, бұрынғы министр 2007 жылдан 2024 жылға дейін түрлі лауазымдарда отырып, 268 миллион юаньнан астам (шамамен 26,6 млрд теңге) пара алған. Ол параны қолма-қол ақша және мүлік түрінде алып отырған.
Си Цзиньпиннің тазалау науқаны
Бұл іс Қытай басшысы Си Цзиньпин 2020 жылы бастаған жемқорлыққа қарсы ауқымды науқанның бір бөлігі болып табылады. Бұл науқанның мақсаты билік органдарын жемқор шенеуніктерден тазарту және олардың мемлекетке толық адалдығын қамтамасыз ету.
Тан Жэньцзянь өткен жылдың қараша айында жемқорлыққа қарсы тексерістен кейін қызметінен алынып, Коммунистік партия қатарынан шығарылған болатын.
Айта кетейік, Қазақстанда өлім жазасы 2021 жылдан бастап ресми түрде алынып тасталды.
Соңғы жаңалықтар





