Бұрынғы прокурор Дүйсенов Германиядан саяси баспана сұрамақ

Бұрынғы прокурор Дүйсенов Германиядан саяси баспана сұрамақ
25.09.2025 21:03
0
69
Фото: Қаржы полициясының архиві

Қайрат Қожамжаровтың серігі саналатын Мақсат Дүйсенов Германиядан саяси баспана сұрауға дайындалып жатыр. Қазақстан билігі оның экстрадициясын талап етуде. Ал Дүйсенов болса, ашық алаңға шықты. Оның айтуынша, өзін атышулы «Қорғас ісінде» құрбандыққа шалған, деп хабарлайды POLITICO.KZ Orda.kz-ке сілтеме жасап.

Оның сөзінше, 2024 жылдан бастап ведомствоаралық жедел-тергеу тобы қаржы полициясы қызметкерлерінің пара алу деректерін тексере бастаған. Материалдарда бұрынғы ҰҚК қызметкері, қазір сотталған Ерлан Абдрахмановтың есімі кездеседі.

«2012 жылы ол мен әріптесім Махатовқа қарсы "Қорғас" кеденіндегі сыбайлас жемқорлыққа қатысты шағым түсірген. 2012 жылдың 20 сәуірінде арнайы прокурор қылмыстық іс қозғаудан бас тартты. Қылмыс құрамы табылмады. Сол кезде қаржы полициясынан кеткесін, маған прокуратура, ҰҚК, ІІМ және қаржы полициясы тарапынан қысым жасалды. Әулетімді түгел тексерді: отбасымды, бауырларымды, әпке-қарындастарымды. Бірақ еш дәлел табылмады, іс қозғалған жоқ» – дейді ол.

2025 жылдың 20 қаңтарында жедел-тергеу тобы осы эпизодты қайта көтеріп, прокуратурадан 2012 жылғы істі тоқтату туралы қаулыны жоюды сұраған. 23 қаңтарда Алматы қаласы прокурорының орынбасары Асхат Шарипов ол шешімді жойған.

«Бірақ сұрақ туады: Абдрахмановтың арызы бойынша "бас тарту" материалдары сақталу мерзімі біткендіктен әлдеқашан жойылып кеткен болса, ол мұны қалай істей алды? Соған қарамастан, 2025 жылдың жазында менің және бауырымның үстінен қылмыстық жолмен табылған кірістерді заңдастыру дерегі бойынша жаңа іс қозғалды. 5 шілдеде мені күдікті деп таныды, 6 шілдеде бауырымды қамауға алды, ал 14 шілдеде мені іздеуге жариялады» – деді Дүйсенов.

Осы жылдың тамыз айында сот Мақсат Дүйсеновті сырттай қамауға алу туралы шешім шығарған.

Енді бұрынғы прокурордың тағдыры Германия билігінің шешіміне байланысты. Егер оған баспана берілсе, Қазақстанға экстрадициялау мүмкін болмайды.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий