Бұрынғы вице-министр Президент әкімшілігінде жаңа қызметке тағайындалды

Бұрынғы вице-министр Президент әкімшілігінде жаңа қызметке тағайындалды
Фото: gov.kz

Президент әкімшілігінің Коммуникациялар бөліміне жаңа басшы келді. Бұған дейін мәдениет және ақпарат вице-министрі болған Евгений Кочетов Қанат Құлшымановтың орнына тағайындалды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы 20 қазанда Ақорда хабарлады.

«Мемлекет басшысының өкімімен Евгений Дмитриевич Кочетов Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Коммуникациялар бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалды», – делінген ресми хабарламада.

Бұған дейін бұл қызметті Қанат Құлшыманов атқарған. Ол бүгін Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры болып тағайындалды.

Ал Евгений Кочетов бұған дейін Қазақстанның мәдениет және ақпарат вице-министрі болған.

Евгений Кочетов кім?

Евгений Кочетов 1988 жылы Астана қаласында дүниеге келген.

Қазақ гуманитарлық заң университетін және М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолында журналистика, партиялық құрылымдар, мемлекеттік қызмет және жеке кәсіпкерлік салаларында жұмыс істеген.

2009–2013 жылдары «Жас Отан» жастар қанатында және «Нұр Отан» партиясының орталық аппаратындағы түрлі бөлімдерде кеңесші, сарапшы және консультант қызметтерін атқарған.

2013–2014 жылдары «Цесна корпорациясы» АҚ-ның девелопмент бөлімшесін басқарған. Одан бөлек, әр жылдары жеке коммерциялық ұйымдарда жұмыс істеген.

2016 жылы «Қазконтент» АҚ-ның Kaztube.kz бейнепорталы жобасының жетекшісі болып тағайындалды.

2016–2017 жылдары Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Орталық коммуникациялар қызметін басқарды.

2017–2018 жылдары «Қазконтент» АҚ басқарма төрағасы болды.

2018–2019 жылдары «Нұр Отан» партиясының Стратегиялық бастамалар институты директорының орынбасары қызметін атқарды.

2019–2020 жылдары «Рухани жаңғыру» Қазақстандық қоғамдық даму институты басқарма төрағасының кеңесшісі болды.

2020 жылдың қаңтарынан бастап «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қорының бас директоры қызметін атқарды.

2023 жылдың ақпанында Қазақстанның ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі болып тағайындалды. Кейін мәдениет және ақпарат вице-министрі қызметін атқарды.

Евгений Кочетов журналистика саласында да еңбек еткен. Әр жылдары «Литер» газетінде, «Капитал» басылымында, «Власть» интернет-журналында және «Информбюро» порталында шолушы болған.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу