Даулы оқиғадан кейін жұмыстан қуылған шенеунік қайтадан басшылық қызметке келді

Даулы оқиғадан кейін жұмыстан қуылған шенеунік қайтадан басшылық қызметке келді
21.10.2025 14:58
0
1428
фото: ашық дереккөз

Бұрын қызметінен босатылған Салтанат Беспаева қайтадан басшылық лауазымға тағайындалды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Бағанашылдағы балалар үйін көшіруге қатысты даудан кейін қызметінен босатылған Салтанат Беспаева Дауыспекқызы Алматы облысының тілдерді дамыту басқармасының жаңа басшысы болып тағайындалды. Ол бұл қызметке 2025 жылдың 20 қазанынан бастап кірісті.

Бұл тағайындау Беспаеваның шілде айында облыстық білім басқармасы басшысы лауазымынан босатылғанынан небәрі екі жарым ай өткен соң жасалып отыр. Оның жұмыстан кетуіне балалар үйін Алматыдан Қонаев қаласына көшіру әрекеті себеп болған еді.

Еске сала кетейік, 2025 жылдың наурызында Бағанашылдағы №1 балалар үйінің тәрбиеленушілері көшіруге қарсы бейнеүндеу жариялаған болатын. Ал шілде айында жасалған көшіру әрекеті жаппай наразылыққа ұласып, тіпті балалардың денсаулығына зиян келтірген оқиғамен аяқталды.

Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырып, оған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі араласуға мәжбүр болды. Мемлекет басшысы Алматы қаласының әкіміне балалар үйін көшіруді тоқтатып, ғимаратты жөндеуден өткізуге және оны қала балансына алуға тапсырма берді. Сонымен қатар, Президенттің тапсырмасымен жүргізілген қызметтік тексеріс нәтижесінде үш шенеунік – облыс әкімінің орынбасары Болат Күренбеков, білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева және ішкі саясат басқармасының жетекшісі Ерік Әбитов қызметтерінен босатылған еді.

Енді, міне, Беспаева даулы оқиғадан кейін көп ұзамай Алматы облысының тілдерді дамыту басқармасының басшысы қызметіне қайта оралды.

Салтанат Дауыспекқызы Беспаева 1975 жылы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Қорам ауылында туған. Экономист және қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандықтары бойынша білім алған. 2000 жылдан бері білім және мәдениет саласында еңбек етіп келеді. Бұған дейін Еңбекшіқазақ ауданында бірнеше бөлімді басқарған.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий