«Денсаулығы сыр берді»: Атырауда бұрынғы полиция басшысын үйқамаққа шығаруды сұрады

15.10.2026 • 08:59 Абзал БАХЫТЖАНОВ
«Денсаулығы сыр берді»: Атырауда бұрынғы полиция басшысын үйқамаққа шығаруды сұрады
258
Фото: gov.kz

Атырауда 7 айдан бері тергеу изоляторында отырған қалалық полиция басқармасының бұрынғы бастығы Бақытбек Исаевтың туыстары сот алдына жиналды. Олар денсаулығы нашарлаған бұрынғы полицейді үйқамаққа жіберуді сұрады. Алайда сот бұл өтінішті тағы да қанағаттандырмады, деп хабарлайды Politico.kz КТК телеарнасына сілтемемен.

Бақытбек Исаевқа қызметтік өкілеттігін пайдаланып, пара беруге айдап салды және мүлік жымқырды деген айып тағылған.

Туыстары тергеудің жалғасуына қарсы емес. Бірақ олар Исаевты сот басталғанша үйқамаққа шығару керек деп есептейді.

«Қан қысымы көтеріліп, жүрегі ауырып тұр»

Бақытбек Исаевтың әпкесі Гүлнар Исаева інісінің денсаулығына алаңдайтынын айтты.

«Тергеу жүрсін, әрине, тергеу жүрмесін деп жатқан жоқпыз. Тергеу әділ жүрсін, жан-жақты қаралсын. Бірақ үйқамаққа шығаруын сұраймыз. Тек бір өтінішпен келіп тұрмыз, үйқамаққа шықсын. Сосын бір жағынан айта кетейін, денсаулығы да сыр беріп тұр. Қан қысымы көтеріліп тұр, жүрегі ауырып тұр. Бақытбектің ісін әділ қарасыншы, әділ тексерсін», – деді Гүлнар Исаева.

Ал бұрынғы полицейдің туыстары оған тағылған айыпты біреудің сөзіне сүйеніп жабылған жала деп есептейді.

Сот алдына келген Исаевтың анасы да көз жасына ерік берген. Қатты қобалжыған әйелдің қан қысымы көтеріліп, оған жедел жәрдем шақырылған.

Сот үйқамаққа жіберуден бас тартты

Қазір Бақытбек Исаевқа қатысты қылмыстық істің тергеуі аяқталған. Тараптар 25 томнан тұратын іс материалдарымен танысып жатыр.

Бұрынғы полиция басшысының адвокаты мен туыстары сот процесі басталғанға дейін оны үйқамаққа жіберуді сұраған.

Алайда Атырау облысының мамандандырылған тергеу соты бұл өтінішті тағы да қанағаттандырмады.

Бақытбек Исаев не үшін қызметінен кеткен?

Еске салайық, сәуірде Астанадан келген тексерістен кейін Атырау полициясының бірнеше басшысы қызметінен шеттетілген еді.

Олардың арасында қалалық полиция басқармасының бастығы Бақытбек Исаев та болды. ІІМ тексеріс кезінде қызметтік тәртіптің өрескел бұзылғанын және тиісті бақылаудың болмағанын анықтаған.

Исаевпен бірге Әлішер Нұршаев, Саламат Қалиев және Нұржан Шаеденов те қызметтерінен шеттетілген. Екі күннен кейін Бақытбек Исаевтың ұсталғаны белгілі болды.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий