Димаш Құдайберген Қарағандыдағы концерттен кейін 700 метр тереңдіктегі шахтаға түсті

31.08.2026 21:39 Қанат АЙБАР
Димаш Құдайберген Қарағандыдағы концерттен кейін 700 метр тереңдіктегі шахтаға түсті
270

Қарағандыда Шахтерлер күніне арналған ауқымды концерттен кейін әлемге танымал әнші Димаш Құдайберген Qarmet компаниясына қарасты Костенко атындағы шахтаға барып, 700 метр тереңдікке түсті, деп хабарлайды Politico.kz.

Кәсіпорынды аралау барысында өнер иесі өндірістің тыныс-тіршілігімен танысып, кеншілердің жер астында орналасқан орнын нақты уақыт режимінде бақылап отыруға мүмкіндік беретін арнайы позициялау жүйесінің жұмысын тамашалады. 250 мыңға жуық көрермен жинаған мерекелік жиыннан кейін өндіріс орнына бет алған әнші жер астындағы ауыр жұмыс жағдайын өз көзімен көрді.

«Қарағандыда 250 мыңға жуық адамның басын қосқан Шахтерлер күніне арналған үлкен концерттен кейін мен бірден Qarmet компаниясының Костенко атындағы шахтасына бардым. Жер астындағы 700 метр тереңдікке түсіп, кеншілердің қандай жағдайда жұмыс істейтінін, бұл еңбектің қаншалықты күрделі әрі жауапты екенін өз көзіммен көрдім. Маған шахтаның жұмысын, сондай-ақ адамдардың жер астында жүрген жерін бақылауға мүмкіндік беретін заманауи қауіпсіздік және позициялау жүйелерін көрсетті. Шахталардың жаңартылып жатқаны қуантады. Бірақ ең бастысы – кеншілермен жеке кездесіп, оларды кәсіби мерекелерімен құттықтаудың сәті түсті. Бұл мамандық иелеріне деген құрметім шексіз. Сіздердің еңбектеріңіз айрықша құрметке лайық! Шахтерлер күні құтты болсын! Зор денсаулық, амандық және қауіпсіз ауысым тілеймін! Рахмет, Qarmet!», – деді орындаушы.

Әртіс үшін бұл сапар заманауи жер асты өндірісі мен қауіпсіздік технологияларын танып-білуге ғана емес, күнделікті жүздеген метр тереңдікте еңбек ететін жандардың еңбегін бағалауға мүмкіндік берді. Қарағанды өңірінің көмір саласын дамытуға үлес қосып жүрген жұмысшыларға ризашылығын білдірген өнер иесінің бұл қадамы кеншілер кәсібіне деген айрықша құрметтің белгісі болды.

Войдите, чтобы оставить комментарий