Дина Төлепберген: Телевидениеге әкем көрсін деп келген сияқтымын

24.08.2026 19:12 Томирис САҒЫНДЫҚ
Дина Төлепберген: Телевидениеге әкем көрсін деп келген сияқтымын
69
Фото: astanatv.kz сайтынан алынды

Белгілі тележүргізуші Дина Төлепберген өзінің балалық шағы, отбасылық қарым-қатынасы мен кәсіби жолының қалыптасу себептері туралы бөлісті. Тележурналист әкесінің назарын аударуға деген ішкі ұмтылысының мансабына қалай әсер еткенін және балалық шақтағы психологиялық кедергілерді еңсеру тәжірибесін баяндады, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Дина Төлепберген «Замандас» подкастында әңгімеледі.

Тележүргізушінің айтуынша, оның БАҚ саласына келуіне бала кездегі әке назарының жетіспеушілігі мен ішкі сұранысы басты түрткі болған.

«Әкеммен қарым-қатынасымыз оңай болған жоқ. Мені анам жалғыз өсіріп жеткізді. Әкем бар, оны көрдім, білемін, бірақ бала болып оның мейірімін сезіне алмадым. Бала кезден әкемнің жанымда болғанын, құшақтағанын, басымнан сипап, қуыршақ сыйлағанын армандаушы едім. Оның «Сен ең кереметсің, мықтысың» деген сөзін естігім келетін. Маған бұрылып, бір сәт көңіл бөлсе екен деуші едім. Маған тек сондай назар жетпейтін. Телевидениеге алғаш келген кезім, тоғызыншы сыныпта оқып жүрген шағым есіме түсті. Сонда «Мен неге бұл салаға келдім?» деп ойланатынмын. Әрқашан «Телевидениені мен таңдаған жоқпын, ол мені өзі таңдады» деп айтамын. Бірақ мұның түпкі себебі — назарда болуға деген құштарлық еді», — деді Дина Төлепберген.

Телевидениедегі алғашқы қадамдарынан кейін әкесімен арадағы қарым-қатынас жаңа арнаға бұрылып, жылдар бойғы өкпе-реніштің орнын түсіністік басқан.

«Теледидардан алғаш рет көрінгенімде әкем телефон соғып: «Қызым-ау, сен теледидарға шығып жүрсің бе?» — деді. Барлық туысы хабарласып, мені мақтай бастады. Мен мұның бәрін тек бір ғана көрермен — әкем үшін істегенімді ұқтым. «Егер сен қарамасаң, бәрібір өзіме қаратып аламын» деген ішкі қарсылық болды. Оған дейін көкірегімде тек өкпе жүретін. Ал жоба аяқталған соң әкеме барып, алғысымды айттым. Соңында әкем мені мойындап, құшағына алды, «сұлуым» деді. Осылайша қанша жылдан бері аңсаған жылылыққа қол жеткіздім», — деді тележүргізуші.

Балалық шақтағы қиындықтар мен тұрмыстық таршылық кәсіби өсуге және анасына жайлы жағдай жасауға деген негізгі уәжге айналған.

«Қазір әкеме өте ризамын. Егер әкемнің қасында, тоқшылықта, алаңсыз өскенімде, бойымда мұндай қайсарлық пен күш-жігер болмас еді. Мен ішімдегі ыза мен ренішті дұрыс арнаға бұра білдім. Соның арқасында оқуымды оқып, жұмысымда жетістікке жеттім, ел қатарлы азамат болдым. Ол кезде анам екеуімізге өте ауыр тиетін: бір бөлмелі тар үйде тұрдық, ешқандай жағдай болмады. Сол себепті ішімде «анамды бұл тығырықтан алып шықсам, ыстық суы бар, барлық жағдайы жасалған жақсы үйде тұрғызсам» деген үлкен арман болды», — деді Дина Төлепберген.

Войдите, чтобы оставить комментарий