Дмитрий Песков: «АҚШ-пен нақты келісімдер жасалған жоқ»

Кремль АҚШ-пен қарым-қатынасты қайта қалпына келтіру және Украина мәселесіне қатысты идеяларды жүзеге асыру бойынша жұмысты жалғастырып жатыр, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Бұл туралы Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков 31 наурызда өткен брифингте мәлімдеді.
«Біз АҚШ-пен қарым-қатынастарды жақсарту бағытында жұмыс істеудеміз. Бұл қарым-қатынастар бұрынғы АҚШ әкімшілігі тұсында үлкен зиян көрген. Сондай-ақ, Украина мәселесіне қатысты идеяларды бірлесіп жүзеге асырып жатырмыз. Әзірге сіздерге хабарлайтын нақты ақпарат жоқ», – деді Дмитрий Песков.
Песковтың айтуынша, Владимир Путин мен Дональд Трамптың келесі телефон арқылы әңгімесінің нақты мерзімі әлі белгіленбеген, алайда қажеттілік туындаған жағдайда байланыс жедел түрде ұйымдастырылатын болады.
Сонымен қатар, Дмитрий Песков Ресей мен АҚШ арасында сирек металдарды игеру бойынша бірлескен жобаларға қатысты ешқандай құжаттарға қол қойылмағанын жеткізді. Дегенмен, ол АҚШ компанияларының осы бағыттағы ресейлік жобаларға қызығушылық танытып отырғанын растады.
Бұдан бөлек, Кремль өкілі Мәскеуде әскери тілші Федорчактың және арнайы әскери операцияға қатысушылардың қабірін қорлаған вандалдардың әрекетін айыптап, мұны «мүлдем жол беруге болмайтын» іс деп атады.
«Қабірлерді қорлау – адамгершілікке жат, қорқынышты әрекет. Вандалдарға ең қатал жаза қолданылуы тиіс», – деді Песков.
Ол сондай-ақ Франция саясаткері Марин Ле Пенге қатысты сот үкімін сынға алып, бұл жағдайды «Еуропа демократия нормаларына қайшы келетін әрекет» деп бағалады.
Дүйсенбі күні Владимир Путин Кремльде «Роскосмос» басшысы Бакановты қабылдайды.
Соңғы жаңалықтар





