Еліміздің 17 өңірінде тағы да ауа райы күрт өзгереді
18 сәуірге арналған ауа райы болжамына сәйкес, синоптиктер еліміздің басым бөлігінде қолайсыз метеорологиялық жағдайлар болатынын ескертті, деп хабарлайды Politico.kz.
Дауылды ескерту Астана, Шымкент қалалары мен 15 өңірде жарияланды. Ел аумағында жаңбыр жауып, солтүстік пен шығыста жауын-шашын қарға ұласуы мүмкін. Кей жерлерде көктайғақ болып, тұман түседі. Оңтүстік өңірлерде найзағай ойнап, жел күшейеді.
Астанада күндіз оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні 15–18 м/с-қа жетеді. Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында желдің жылдамдығы кей уақыттарда 30 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін. Бұл өңірлерде қатты жел мен тұман күтіледі.
Қостанай, Павлодар, Қарағанды өңірлерінде де жел күшейіп, кей жерлерде көктайғақ пен тұман болады. Қарағанды облысының оңтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады.
Шығыс Қазақстан облысында түнде және таңертең қар жауып, көктайғақ пен тұман күтіледі.
Ал Алматы, Жетісу, Жамбыл облыстарында жел күшейіп, кей аймақтарда үсік жүруі мүмкін. Жамбыл облысында жаңбыр мен найзағай болжанып отыр.
Батыс өңірлерде, соның ішінде Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында тұман түсіп, кей жерлерде шаңды дауыл болуы ықтимал.
Синоптиктер тұрғындарға ауа райының күрт өзгеруіне байланысты сақтық шараларын күшейтуді ескертеді.
Соңғы жаңалықтар