Ер адам анасының мәйітін 10 жыл бойы әжетханада сақтап келген

Жапонияда 60 жастағы ер адам социофобияға байланысты анасының қайтыс болғанын ешкімге хабарламай, оның мәйітімен бір пәтерде 10 жыл бойы бірге тұрған. Бұл туралы South China Morning Post (SCMP) хабарлады.
Қалалық полиция Кобе қаласының тұрғыны Такехиса Миявакиді тұтқындады. Құқық қорғау органдары оның пәтерінен анасының — 95 жастағы әйелдің — қаңқасын тапты. Сараптама мәйіттің сол жерде шамамен он жыл жатқанын көрсетті.
2025 жылдың мамыр айында жергілікті әкімдік қызметкері көшеде Миявакиді көріп, анасының жағдайын сұраған. Алайда ер адам нақты жауап беруден жалтарған. Бұл әрекеті күдік тудырып, шенеунік полицияға хабарлаған.
Тәртіп сақшылары келген кезде пәтер толығымен қоқысқа толы болған. Тексеру барысында әжетханадан адам сүйектері табылды. ДНҚ сараптамасы оның Миявакидің анасына тиесілі екенін растады. Мәйітте зорлық-зомбылық белгілері байқалмаған.
Такехиса Мияваки анасының қайтыс болғанын түсінгенін мойындаған. Бірақ адамдармен байланысудан қорыққандықтан, полицияға хабар беруге батылы жетпеген. Оның айтуынша, социофобия (әлеуметтік үрей) оған ешкіммен сөйлесуге мүмкіндік бермеген.
Қазіргі уақытта полиция бұл ерекше оқиғаға қатысты тергеу амалдарын жалғастыруда.
Соңғы жаңалықтар





