Еркебұлан Тоқтар: Кинодағы бір күн үшін 10 мың доллар сұраймын
Танымал актер әрі спортшы Еркебұлан Тоқтар өзінің қазіргі гонорары, кейіпкер таңдаудағы ұстанымы мен түсірілім барысында кездесетін физикалық қиындықтар туралы пікір білдірді. Өнер иесі сұхбат барысында актерлік гонорардың қалай қалыптасатынын және өзін қандай рөлдерде көргісі келетінін ашық айтты, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы жұлдыз PROMMA PODCAST подкастына берген сұқбатында әңгімеледі.
Еркебұлан Тоқтардың айтуынша, ол қазіргі уақытта бір түсірілім күні үшін белгіленген өз бағасын қатаң ұстанады. Актер бұл соманың себебін түсіндіріп, гонорар мөлшері өзінің жұмыс кестесі мен таңдауына тікелей әсер ететінін жеткізді.
«10 000 доллар сұраймын. Бұл менің дәл сондай ақшаға тұратынымды білдірмейді. Мысалы, 10 000 долларға басқа да актерларды шақыруға болады, соларды ала беріңіздер. Мен негізгі ақшамды ұстап тұрмын. Әдейі осылай белгілеп қойдым: бір түсірілім күні – 10 000 доллар. Төлейтін болсаң, түсіп беремін. Төлемейсің бе, онда мен жұмыссыз қаламын. Бұл – өте жақсы баға. Біріншіден, қазір тегіннен-тегін түскің келмейді. Екіншіден, егер біреу қатты түсіргісі келсе, сондай ақша төлеп, түсіріп алады. Енді 10 күн түссең – 100 000 доллар табасың. Я болмаса бәйгеге қатысамын, онда да шамамен осындай қаржы алуға болады. Әрі жаттығу жасап, уақытыңды тиімді өткізесің. Шамамен 14 смена болады, ол – екі аптадай уақыт. Бірақ әлі маған мұндай ақша төлеген жоқ», – деді Еркебұлан Тоқтар.
Актер өзінің қандай кейіпкерлерді сомдағысы келетінін және бұған дейін түскен кастингтеріндегі тәжірибесін бөлісті. Оның сөзінше, кейде рөлдің көлемі мен мазмұны ұсыныстан бас тартуға себеп болады.
«Мен бандиттің рөлін ойнағым келеді. Мәселен, «Сержант» фильміне шақырған болатын. Соған мен жас Сержанттың рөлін ойнауым керек еді. Олар: «Сені бірден алғымыз келеді» деген жоқ, кастингке шақырды. Мен бардым да: «Қанша смена болады?» – деп сұрадым. Олар: «Бірінші серияда екі сменадай ойнап өлесің, ары қарай кейіпкер есейгенде басқа актер ойнайды» – деді. Мен: «Онда маған мұның керегі жоқ» – дедім. Шыны керек, ол кезде кішкене менсінбей қалған едім. Дегенмен сондай бір рөлде ойнағым келетіні жасырын емес. Жақсы рөл болса, келісер едім. Қазір 90-жылдар туралы фильм түсірмейді, ол да дұрыс емес негізі. Дегенмен іштей сондай кейіпкерді ойнап көргім келеді. Түсірмей-ақ қойса да мейлі, ештеңе етпейді. Тіпті дауысымды да өзгеше етіп: «По-другому я с вами буду разговаривать» немесе «Вы что, рамсы перепутали?» деп ойнауға болады. Ол үшін шашты өсіру керек болады», – деді спортшы.
Сонымен бірге Еркебұлан Тоқтар өз карьерасындағы ең күрделі түсірілім сахналарына тоқталып, кинематографиядағы каскадерлік әдістер мен ауыр физикалық жүктемелер туралы айтып берді.
«Маған «Арлан» фильміндегі рөл өте қиын болды. Күнделікті жаттығулар, әсіресе шешуші раундтағы түсірілімдер оңай тимеді. Режиссер: «Тауға қарай жүгіресің, аттармен жарысасың. Аттар жаныңа келгенде жылдамдықты арттырасың, біз сені жаныңнан квадроциклмен түсіріп отырамыз» – деді. Мен аттармен бірге жоғары қарай жүгірдім. «Стоп» демеген соң, бір жарым минут бойы тоқтамай жүгіруге тура келді. Негізі кадрға 30-40 секунд қана керек еді. Камера түсіріп тұрған соң, қателік жіберуге болмайды. Бір жүгіріп шықсам, режиссер: «Жоқ, қайтадан түсіреміз» – деді. Сонымен қайтадан разворот алып, 5 реттей қатты жүгірдім. Бірақ сол түсірілімде жақсы физикалық форма жинап алдым. Одан кейін бір жарым-екі аптадай тек төбелес сахналарын түсірдік. Каскадерлік әдістерді қолданып, соққыларды шынайы етіп көрсетуді үйрендік», – деді Еркебұлан Тоқтар.
Соңғы жаңалықтар