Ертеңнен бастап салықшылар кімнің қанша аударғанын біледі

14.04.2026 14:17 Арман Ермеков
Ертеңнен бастап салықшылар кімнің қанша аударғанын біледі
357
Politico.kz | ЖИ арқылы жасалған сурет

Ертеңнен бастап банктер қазақстандықтардың мобильді аударымдары туралы мәліметтерді салық органдарына береді, енді күдікті операциялар тексеріліп, заң бұзғандардың есепшоты бұғатталуы мүмкін, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы бүгін қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді. Оның айтуынша мемлекеттік кірістер комитеті қаңтар, ақпан және наурыз айларының ақпаратына сүйеніп, кәсіпкерлік белгілері бар күдікті аударымдарды іздей бастайды.

«Мәліметтерді алған соң камералдық бақылау аясында хабарлама жібереміз, одан кейін салық есебін немесе түсініктеме берген жағдайда ол орындалды деп саналады», – деді ол.

Тексеруге ілігу үшін бірнеше жағдай қатар келуі шарт.

  • Егер адамның есепшотына қатарынан 3 ай бойы жүзден аса түрлі адамнан ақша түсіп, оның жалпы сомасы 1 020 000 теңгеден асып кетсе, салық органдары тексеруді бастайды.
  • Бір адам күніне 10 рет ақша салса да, ол бір жіберуші болып есептеледі. Ал туған күнге, жаназаға немесе дәмханада шотты бөліп төлеу үшін жиналған қаражат күдікті деп танылмайды.

Сонымен қатар азаматтың жеке кәсіпкерлігі бар болса, салық қызметкерлері оның жеке шоттарын кез келген уақытта өздері сұратып ала алады.

Күдікке ілінген адамдарға ең алдымен хабарлама жіберіліп, оған жауап беруге 30 жұмыс күні беріледі. Осы уақыт ішінде азамат аударымдардың жеке мақсатта болғанын дәлелдеуі керек немесе жеке кәсіпкерлігін тіркеп, салықтарын төлеуге тиіс. Хабарламаны елемеген адамның барлық банк шоты бұғатталады. Ал берілген түсініктеме салық қызметкерлерін сендіре алмаса, төленбеген салық сомасынан 200 пайызға дейін айыппұл салынуы мүмкін.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий