Гүлзира Айдарбекова ел білмейтін қасіретін айтты: «Қайраттан кейін 9 сәбиімнен айырылдым»

01.06.2026 11:28 Мөлдір ҚАЙНАР
Гүлзира Айдарбекова ел білмейтін қасіретін айтты: «Қайраттан кейін 9 сәбиімнен айырылдым»
320
Фото: YouTube/Aman Tasygan LIVE

Танымал продюсер Гүлзира Айдарбекова көпшілік біле бермейтін өміріндегі ауыр кезең туралы айтып берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Продюсердің сөзінше, тұңғышы Қайрат Нұртас дүниеге келгеннен кейін бірнеше рет сәбиінен айырылған.

«Іштегі баланың шетінеп кетуі деген болады ғой. Бір күні Түркістанға ағамды іздеп телефон соқтым. Сөйтсем, ол досының үйінде екен. Телефонды орыс жеңгем көтерді де, бірден "сіздің ағаңыз қайтыс болды" деді. Тіпті қай ағам екенін де сұрамаппын. Сол сәтте барлық ағаларым көз алдыма келді. Қатты күйзеліп, жаман хабарды көтере алмадым. Соның салдарынан ішімдегі балам шетінеп кетті», – деді Гүлзира Айдарбекова.

Оның айтуынша, осы оқиғадан кейін денсаулығында қиындықтар туындап, бірнеше рет жүктілігі сәтсіз аяқталған.

«Шетінеп кеткен баланы алдырғаннан кейін қайта көтеремін, қайта түсіп қала береді. Ол кезде жатырдың "ойнамалы" болып қалатынын білмедім. Сөйтіп қатарынан алты сәбиімнен айырылдым. Кейін бір орыс әйел "алты айдан бір жылға дейін демалыңыз, ағзаңыз қалпына келсін" деп кеңес берді», – дейді продюсер.

Гүлзира Айдарбекованың сөзінше, осыдан кейін ұлы Аян дүниеге келген. Алайда одан кейін де тағы үш жүктілігі сәтсіз аяқталған.

«Аяннан кейін тағы үш рет балам шетінеп кетті. Жалпы Қайраттан кейін тоғыз сәбиімнен айырылдым», – деді ол.

Войдите, чтобы оставить комментарий