Халық партиясы неліктен мәжіліс депутатын ауыстырды?
Қазақстан Халық партиясының депутаты Гаухар Танашеваның орнына Асылбек Нуралин мәжіліс депутаты болып тағайындалды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
15 қаңтарда Асылбек Нуралин мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің құрамына кірді. Партия фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамовтың айтуынша, бұл ротация заңды және жоспарлы түрде жүргізілген.
«Бұл – табиғи процесс. Партия алдында жаңа міндеттер тұр. Асылбек Жамашұлы кәсіподақтар туралы заңды жетілдіру сияқты маңызды мәселелермен айналысады. Гаухар Танашева өз қызметін лайықты орындап, әлеуметтік мәселелерді көтерді. Енді жұмысшыларға қатысты нақты мәселелерге баса назар аударылатын болады», – деді Магеррамов мәжіліс кулуарында.
Сонымен қатар, ол депутат Танашеваның ауысуы қандай да бір тәртіп бұзушылықтармен байланысты емес екенін атап өтті.