Хасен Қожа-Ахмет: Орыс тіліндегі сөздер көне түркі тілінен шыққан

17.07.2026 20:43 Томирис САҒЫНДЫҚ
Хасен Қожа-Ахмет: Орыс тіліндегі сөздер көне түркі тілінен шыққан
48
Фото: видеодан скриншот

Қазақстандық саяси белсенді, сазгер әрі журналист Хасен Қожа-Ахмет орыс тіліндегі көптеген сөздің түп-төркіні мен генезисі көне түркі тілдерінде жатқанын алға тартты. Өз зерттеулеріне сүйенген ол бүгінде славян сөздік қорының негізі деп есептелетін бірқатар ұғымдардың түпкі мағынасы тасқа қашалған ежелгі түркі жазуларымен тікелей байланысты екенін дәлелдеп шыққанын айтады, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол «Адырна» ұлттық порталына берген сұқбатында айтты.

«Сонымен, мен алғашқы кітапты жазып жатқан кезде моңғол сөздігін қарадым. Рашид ад-Диннің үш томдық еңбегінде «моңғол сөздері еді» деп жазылған сөздерді теріп алып, олардың түркі тілінен шыққанын дәлелдеп шықтым. Сол кезде жазуға байланысты «пішік», «піш» деген сөздерді көріп қалдым. Бұл сөздерге «жазу», «писать» деген анықтама беріліпті. «Писать» деген «письмо», «писатель» сөздерімен бірге орыстың, славян тілдерінің сөзі ғой, бұл жерде қалай жүр деп таңғалдым. Сөйттім де, осы орыс сөздерінің төркінін қарап көруді жөн санадым. Мәскеуде басылып шыққан 13-ғасырға дейінгі көне ескерткіштер мен жазбалар енген «Древнетюркский словарьды» (Көне түркі сөздігі) ашып қарасам, мұндай мысалдар өте көп екен. Бүгінде бүкіл славян немесе орыс тілі деп жүрген сөздердің түп-төркінінде түркі тілі жатыр», — деді Хасен Қожа-Ахмет.

«Осы «писать» немесе «пішу», «пішіп жазу» сияқты сөздерге байланысты бір бес-алты мысал келтіріп айта аласыз ба?» — деп өтінді журналист.

«Кейбірін еске түсірейін, бірақ бәрін бірден айту қиын, өйткені ол үлкен кітап. Сонымен, мен сегіз айдың ішінде «Русский язык древнетюркский?» (Орыс тілінің көне түркілік негізі) деген кітап жазып шықтым. Мысалы, «архив» деген сөзді алайық. Бұл қай тілдің сөзі? Мұның негізі — «арғы» деген сөз. Осы «арғы» сөзінен «архи», «архивный» сөздері шыққан. Иә, дәл солай, «архи» деген сөз. Моңғолдар бұл сөзді қазір де «архи» дейді, ал біз «арғы» дейміз. Сол сияқты мысалдар өте көп», — деді сазгер.

Сөз төркінін қаузаған зерттеуші ары қарай орыс тіліндегі «пшено» сөзінің де шығу тегін талдап берді. Оның пайымдауынша, бұл ұғымның негізінде түркі тіліндегі шабу, кесу, яғни «пішу» мағынасынан туындаған төл түбір жатыр.

«Жаңағы «піш» деген сөзге қайта оралсақ, орыстың «писать» сөзі осыдан шыққан. Ал түптеп келгенде, «піш» — «кесу» деген сөз. Неге десеңіз, көне түркі сына жазуларын тасқа кесіп, қашап жазған ғой. Сондықтан «піш» деген — «кес» деген мағынаны береді. Біздегі «пышақ» сөзі де «кесу» ұғымынан шыққан емес пе? Орыстар бұл түбірді шабындық, егістік шаруашылығына да қолданады. Мысалы, «пшено», «пшеница» деген сөздердің барлығы да осы шабу, кесу, пішу деген мағынадан туындаған», — деді Хасен Қожа-Ахмет.

Войдите, чтобы оставить комментарий