Христиан дінін қабылдаған қазақ қызы өмірі қалай өзгергенін айтты

27.05.2026 11:10 Мөлдір Қайнар
Христиан дінін қабылдаған қазақ қызы өмірі қалай өзгергенін айтты
132
Фото: Stan.kz

22 жастағы Мадина Тұрсынова бүгінде өзін “мәсіхші” деп атап, әлеуметтік желіде христиандық бағытта блог жүргізіп жүрген қазақ қыздарының бірі. Оның айтуынша, Құдайды іздеу сезімі бала кезінен болған. Бұл туралы ол Stan.kz редакциясына берген сұхбатында айтты.

Мадина TikTok желісінде рухани өмірі мен сенімі жайлы контент жариялайды. Мамандығы – актриса. Кейіпкердің сөзінше, шығармашылыққа жақын болғандықтан, сенімін де жеке тәжірибесі арқылы жеткізгенді ұнатады.

“Бала кезімнен Құдайды іздеп жүргендей күйде болдым. Ішімде әрдайым шынайы Құдайды танығым келетін. Бірақ ол кезде бәрі тек дәстүр деңгейінде еді. Ең алғаш әпкем христиан дінін қабылдағанын айтқанда, мен оны түсінбедім, тіпті адасып кетті деп ойладым”, – дейді Мадина.

Оның сөзінше, арада екі жыл өткен соң өзі де христиандықты зерттей бастаған. Киелі кітап оқып, дін тарихына қызығып, христиандардың сенімін түсінуге тырысқан. Кейін Иисус Мәсіх туралы түсінігі тереңдеп, жүрегімен сенім қабылдағанын айтады.

Мадина бұл жолға келуіне ішкі рухани ізденісі себеп болғанын жеткізді. Айтуынша, сенімге келгеннен кейін өмірінде үлкен өзгерістер басталған.

“Балалық шақтан қалған жараларым, ішкі қорқыныштарым біртіндеп жазыла бастады. Бұрын мазалайтын ауыр ойлардан босадым. Қазір ішкі тыныштық таптым”, – дейді ол.

Кейіпкер бүгінде протестанттық бағыттағы христиан қауымының мүшесі екенін айтты. Оның сөзінше, қоғамда қазақтың христиан болуы туралы түрлі стереотиптер бар.

“Қазақ болу – ұлт, ал сенім – адамның жүрек таңдауы. Христиан болу мені қазақ болудан айырмайды. Мен өз тілімді, мәдениетімді қатты жақсы көремін”, – дейді Мадина.

Ол бастапқыда отбасы бұл шешімін қабылдай алмағанын жасырмады. Әсіресе анасы қарсы болыпты. Бірақ уақыт өте келе әпкесі екеуінің өміріндегі өзгерістерді көрген анасы да христиан сенімін қабылдаған.

“Өкінішке қарай, кейбір туыстарымыз бізбен араласуды доғарды. Бірақ мен оларды әлі де жақсы көремін. Сенімім маған адамдар теріс айналса да, жүректе реніш сақтамауды үйретті”, – дейді кейіпкер.

Мадинаның айтуынша, қазір ол күнін дұғамен бастап, Киелі кітап оқуға уақыт бөледі. Сонымен қатар  Алматыдағы евангелиялық қауымға барып тұрады.

“Басында шіркеуді мүлде басқаша елестететінмін. Иконалар, шамдар болады деп ойладым. Алғаш барған кезде қарапайым залды көріп таңғалдым. Бірақ сол жерде адамдардың Құдаймен шынайы сөйлесіп тұрғанын сезіндім”, – дейді ол.

Әлеуметтік желіде оның таңдауын түсінбей, сынайтындар да көп. Алайда Мадина мұндай пікірлерге сабырмен қарайтынын айтты.

“Өзімді хейттен қорғауға тырыспаймын. Адам өз сеніміне сенімді болса, ешкімге ештеңе дәлелдеудің қажеті жоқ”, – дейді қазақ қызы.

Войдите, чтобы оставить комментарий