Комада жатқан қыз университетке түскенін біліп, есін жиды

Қытайда болған ерекше оқиға жұртты таңғалдырды: 18 жастағы талапкер Цзян Чэньнань университетке түскені жайлы хабарды ести салысымен комадан шықты.
Хэнань провинциясында тұратын бойжеткен ұлттық емтихандарын тапсырғаннан кейін жедел миокардит диагнозымен комаға түскен еді. Ауруханада жатқан оған сегізінші күні әкесі қызының Хуанхэ Транспорт университетіне оқуға түскені туралы ресми хатты жеткізген. Сол сәтте қыз алғаш рет реакция білдіріп, қабағын жыбырлатып жауап берген. Әкесінің қуанышты сөздерінен кейін келесі күні Цзян толығымен есін жиып, жаңа өмір кезеңінің басталғанын ишарамен растады.
Дәрігерлер оның жағдайын шын мәнінде “ғажайып” деп бағалап отыр, себебі жүрек қызметі толықтай қалпына келген. Қыздың отбасы емделуге 200 мың юаньнан астам қаржы жұмсап, несие алуға мәжбүр болғанымен, қыздарының болашағы үшін барын салып отыр. Әкесі “қандай қиындық болса да, оны оқуға жібереміз, өйткені бұл оның арманы еді” деп атап өтті. Қазір Цзян арнайы бөлімнен кәдімгі палатаға ауыстырылып, қыркүйекте студенттік өмірін бастауды жоспарлап отыр.
Соңғы жаңалықтар





