Көмектескендерімнің ешқайсысы мені қолдап келмеді! Ілияс Сариев сотта жауап берді

Көмектескендерімнің ешқайсысы мені қолдап келмеді! Ілияс Сариев сотта жауап берді
03.10.2025 10:30
0
235
Сурет Ілияс Сариевтің Instagram парақшасынан

"Қазақтың Робин Гуды" Ілияс Сариев сотта жауап берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Қазақ Робин Гуды" атанған "Елге көмек" қорының басшысы Ілияс Сариевке қатысты сот Алматыда жалғасып жатыр. Ол бірнеше рет жасалған алаяқтық бойынша айыпталуда. 2 қазан күні өткен отырыста ол жәбірленушілерден кешірім сұрап, олардың ақшасын қайда жұмсағанын айтты. Бұған дейін оның сыбайласы бұл қаражаттың құмар ойындарға кеткенін мәлімдеген еді.

Ілияс Сариев – Instagram парақшасында 600 мыңнан астам оқырманы бар блогер әрі "қайырымдылықпен" айналысқан азамат. Ол өз роликтерінде науқас жандарды емдеуге қаражат жинап, мақсаты қарапайым халыққа көмектесу екенін айтып келген. Енді Сариев пен оның сыбайласы, 33 жастағы Ақтоты Дүйсеева Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 4-тармағы, яғни "Бірнеше рет жасалған алаяқтық" бойынша айыпталып отыр. Олар үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы немесе шектелуі мүмкін.

Қылмыстық іс екі эпизодтан тұрады. Біріншісі, тергеу нұсқасы бойынша, Сариев ауыр дертке шалдыққан науқастардың туыстарынан қайырымдылық жинау туралы хабарландыру жариялау үшін ақша алған. Ол Instagram желісінде видео жариялап, ем-домға қаражат жинап беруге уәде еткен, бірақ оны орындамаған. Нәтижесінде көмекке зәру отбасылар ақшасынан да, қолдаудан да қағылған. Бұл эпизодта алты адам жәбірленуші ретінде танылған.

Екінші эпизод бойынша, блогер өзінің серіктесі Ақтоты Дүйсееваға тиесілі "MM Travel" туристік фирмасын жарнамалаған. Адамдарға қажылық пен умраға жолдамалар сатылып, қасиетті жерге жіберуге уәде берілген. Алайда 21 адам сапарға шығудың орнына алданып қалған: ақша компанияның шотына аударылғанымен, қажылық сапары ұйымдастырылмаған.

2 қазан күні сотта айыпталушыдан жауап алу басталды. Ол бірінші эпизод бойынша алты жәбірленушіден кешірім сұрап, өзінің жалғыз кінәсі – уәде етілген видеоларды уақытында жариялап үлгермеуі екенін мәлімдеді.

"2025 жылдың наурызында, Рамазан айында парақшадағы көрілім статистикасы төмендейді. Мен барлық роликті 20 сәуірден кейін шығаруды жоспарладым. Бірақ 12 сәуірде мені қамауға алды. Үлгермегенім үшін кешірім сұраймын. Бірақ мен сіздердің ақшаларыңызбен бой тасалауды ойлаған жоқпын. Мен нақты мерзімді атамай, роликтерді "болашақта" жасаймын деп айтқанымды атап өткім келеді", — деді Сариев.

Прокурордың ақшаның қайда кеткені туралы сұрағына блогер оны өз командасының жалақысына жұмсағанын түсіндірді: айына 400 мың теңгеден төленіп отырған үш мобилографқа және кеңсе жалдап, дамытып жатқан "Саяхат travel" бизнесіне жұмсалған.

"Бұрын қайырымдылық шараларын тегін өткізетінмін. Бірақ менің де шығындарым бар, блогты жүргізу керек. Видео түсіруге, сапарларға, мобилограф қызметіне және жеке туристік фирмамды ашуға ақша жұмсадым. Сондықтан жәбірленушілерден ақша сұрауға мәжбүр болдым, себебі бәрін өз қалтамнан көтере алмадым", — деді сотталушы.

Жауап алу кезінде Сариев көз жасына ерік беріп, өзі қиындыққа тап болғанда, бұрын көмектескен адамдардың бәрі теріс айналғанын айтты.

"2021 жылдан бері мен 70 отбасыға баспаналы болуға, 203 адамды тегін қажылыққа жіберуге көмектестім. Бірақ ең өкініштісі: олардың ешқайсысы мені қолдау үшін сотқа келмеді. Көпшілік мені "Робин Гуд" деп өзімді-өзім атап алды деп жазып жүр. Бірақ бұл өтірік. Бұл есімді маған Қарғалы ауылының бас имамы тоғыз баласы бар жесір әйелге үй сыйлағанымда берген", — деді ол.

Бұған дейін сотта жәбірленушілердің бірі Сариевтің өтінішімен 6 миллион теңге несие рәсімдегенін айтқан. Блогер бұл ақша Түркиядағы еміне қажет екеніне сендірген, алайда сотта бұл қаражатпен "белгілі бір адамдар алдындағы қарыздарын жапқанын" мойындады. Сариев несие төлемдерін уақытылы жасап тұрғандықтан, өзін алаяқ деп санамайтынын атап өтті.

"MM Travel" эпизодына қатысты Ілияс Сариев туристік фирманың қызметіне қатысқаны туралы айыптауды жоққа шығарды. Оның сөзінше, ол тек компанияны жарнамалаған және оның ішкі жұмыстарына араласпаған. Алайда жәбірленушілер 2025 жылдың көктемінде алданған ондаған клиент ақшасын талап еткен кезде, Сариевтің өзі шығып, бәрін қайтаруға уәде бергенін айтады.

Сондай-ақ, жәбірленушілердің бірі екінші айыпталушы Ақтоты Дүйсееваның бұған дейін желіде айтқан сөздеріне қатысты пікір білдіруін сұрады. Дүйсеева оның барлық шоттары Сариевтің басқаруында болғанын, ал алданған 21 клиенттің ақшасын ол құмар ойындарға ұтқызып жібергенін мәлімдеген.

"Бұл – шындыққа жанаспайды", — деп қысқа қайырды айыпталушы.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий