Мадинаның бөлек шығуға пәтер іздеуі өліміне себеп болуы мүмкін — құрбысы

26.08.2026 15:43 Томирис САҒЫНДЫҚ
Мадинаның бөлек шығуға пәтер іздеуі өліміне себеп болуы мүмкін — құрбысы
83
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Қоғамда үлкен резонанс тудырған Мадина Рашидқызы есімді келіншектің жұмбақ өліміне қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды. Осыған байланысты марқұмның жақын құрбысы Зейнеп Мұсахожанова отбасында болған тұрмыстық қысым, қаржылық тәуелділік пен физикалық зорлық-зомбылық факторларын ашып айтты. Куәгердің сөзінше, марқұм тұрмыста жүріп үнемі психологиялық әрі дене жарақатын алып келген, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Зейнеп Мұсахожанова CMN.KZ порталына берген сұқбатында әңгімеледі.  

«Мадияр жұмыс істемейтін, тек әйелінің ақшасына күн көрді. Мадина ауырып жатқанда, ол тіпті дәрі-дәрмекке де ақша бермейтін. Анасы оған әрдайым басқа біреулер арқылы ақша жіберетін, себебі Мадинаның Kaspi шоты бұғатталған еді. «Тұрмысқа шықты» деген аты болмаса, оны толығымен анасы асырап отырды. «Әкем Өзбекстанда, онымен араласпаймын» деп айтатын маған. Мадина өзінің барлық құпиясын күйеуіне ашып, әкесінің жоқ екенін айтқан. Ал Мадияр мұны пайдаланып, оның әкесінің жоқтығын бетіне басып, психологиялық қысым көрсетіп келген. Бетіне тікелей айтпаған күннің өзінде, Мадинаға өте дөрекі қарайтын, оны аяусыз ұрып-соғатын, тіпті бірде басын жарған. Мәйітханада түсірілген денесінің фотосуреттерінен арқасы мен иығының тілінгенін, бетінің көгергенін, аяғы мен тырнағының асты кір екенін көруге болады. Қорғаушыдан сұрағанымда, ол Мадинаны қинаған болуы мүмкін екенін айтты», —  Зейнеп Мұсахожанова.

Марқұмның жақындары бұл оқиғаны өз-өзіне қол жұмсау деп есептемейді. Құрбысының айтуынша, соңғы уақытта марқұм баласын алып, бөлек кетуге әрекет жасаған болуы мүмкін, ал бұл отбасындағы агрессияның ушығуына түрткі болған.

«Ол Мадинаға әрдайым өктемдік көрсетіп, құлы сияқты қарап, ұрып-соғатын, үнемі мін табатын. Бала туғанда басында Мадияр да, енесі де аздап қолдау көрсетіп, енесі балаға қарауға көмектескен. Жалпы олар немересін жақсы көреді, бірақ Мадинаны үнемі басып отырған. Мадияр да ұлын жақсы көреді. Меніңше, Мадина ұлын алып, кетіп қалғысы келген. Содан Мадияр ашуланып, баланы тартып алып, оны ұрып-соғып, ақыры өліміне себеп болған болуы мүмкін. Себебі оның денесі өте аянышты жағдайда еді», — деді Мадинаның құрбысы.

Сонымен қатар, қайғылы оқиға орын алардың алдында Мадина жаңа пәтер жалдап, өз өмірін қайта бастауға дайындалып жүрген. Зейнеп оның болашаққа жоспар құрғанын, сондықтан өз ырқымен өмірден өтуі мүмкін еместігін алға тартады.

«Маған ажырасатыны туралы ештеңе айтқан жоқ. Бірақ пәтерін жалдағысы келген әйелге ажырасатынын айтыпты. Ол әйелден төсек-орын тыстарын қалдыруын өтініп, өзінің тоғыз айлық баласы бар екенін және күйеуімен ажырасып жатқанын жеткізген. Ол әйел келісіп, көмектескісі келген. Ертеңіне қайта жазғанда, Мадинадан ешқандай жауап болмаған, хабарламалар жетпеген. Сол жұма күні ол пәтер іздеп, өзіне костюм мен киім қарастырып жүрген. Мұндай дайындық жасап жүрген адам өзіне қол жұмсайды дегенге сенбеймін. Логикаға салсақ, ол мұндай қадамға бармас еді. Маған сондағы бір танысым қоңырау шалып, Мадинаның қайтыс болғанын айтты. Сенбей, енесіне телефон соқсам, ол айғайлап жылап жатыр екен. Содан кейін барып бұл суыт хабарды Мадинаның анасына естірттім. Жұма күні Мадинамен сөйлесіп, жазысқан едім, ал сенбіде ол жауап бермей қалды», — деді Зейнеп Мұсахожанова.

Войдите, чтобы оставить комментарий