Маңғыстаудағы Путин есімді тәртіп сақшысы қызмет етуде

Маңғыстауда Путин есімді полицей қызмет етеді, деп хабарлайды Lada.kz.
Маңғыстау облысында қызмет ететін полиция қызметкері туралы видео әлеуметтік желіде кеңінен тарап кетті. Желі қолданушылары полицейдің ерекше есіміне қызығушылық танытуда – оның есімі Путин Файзулла.
Бәрі Мұнайлы ауданының полициясы «Қауіпсіз жол» шарасы туралы видео жариялағаннан кейін басталды. Алайда, көпшіліктің назары шараға емес, оған қатысқан Путин Файзулла есімді қызметкерге ауды.
Ерекше есімнің тарихы
Полицейдің өзі айтқандай, ол 2003 жылы 24 қаңтарда Ақтау қаласында дүниеге келген. Оған бұл есімді әжесі қойған екен. Сол жылдары Владимир Путиннің Ресей президенті болып тағайындалуы әжесіне қатты әсер етсе керек.
«Путин» есімі ежелгі славян тілінен шыққан және «жол» деген мағынаны білдіреді. Бұл тек кәдімгі жол ғана емес, сонымен қатар жетістікке, көшбасшылыққа және мақсатқа жету жолы дегенді де білдіреді», — дейді полицей.
«Есімім ешқашан ыңғайсыздық тудырған емес»
Путин Файзулланың айтуынша, ерекше есімі оған ешқашан кедергі келтірмеген. Керісінше, адамдардың есінде тез сақталады және көпшіліктің жүзіне күлкі сыйлайды.
Полицей туралы не белгілі?
Путин Файзулла ішкі істер органдарында 2024 жылдан бері қызмет етіп келеді. Қазіргі уақытта ол Мұнайлы ауданындағы Дәулет және Жаңа Дәулет ауылдарында учаскелік инспектордың көмекшісі болып жұмыс істейді.
Ол үйленген, екі жасар қызы бар. Бұрын еркін күреспен айналысып, спорт шеберіне кандидат атанған. Оның қатысуымен түсірілген видео әлеуметтік желіде көп қаралым жинап, қолданушылар тарапынан жылы пікірлерге ие болды.
Соңғы жаңалықтар





