Мемлекет басшысы Ақтоғай мыс балқыту зауытының құрылысын бастауға рұқсат берді
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір режимінде Ақтоғай мыс балқыту зауытының құрылысын бастау салтанатты рәсіміне қатысып, сөз сөйледі, деп хабарлайды Politico.kz.
Мемлекет басшысы өз сөзінде еліміздегі өңдеу өнеркәсібінің даму қарқыны жоғары деңгейде екенін атап өтті.
Негізгі экономикалық көрсеткіштер:
- Өткен жылы өңдеу саласындағы жалпы өнім көлемі 60 миллиард долларға жетті;
- Соңғы үш жыл ішінде еліміздің барлық өңірлерінде 540 индустриялық жоба пайдалануға берілді;
- Аталған жобалардың арқасында 50 мың тұрақты жұмыс орны ашылды.
Президент жақында өткен «AI & Digital Bridge» форумында Үкіметке өнеркәсіп саласына сандық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізу бойынша нақты міндеттер жүктегенін еске салды. Осы орайда жаңа зауыт құрылысы барысында бұл талаптардың толық ескерілуі тиістігін баса айтты.
— Ең алдымен құрылыс жұмысын сапалы жүргізіп, уақтылы аяқтау қажет. Осы бірегей жобаны жүзеге асыруға белсене атсалысып жатқан барша азаматқа, қытайлық серіктестерімізге шынайы ризашылығымды білдіремін, — деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Ақтоғай мыс өңдеу кешені Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін одан әрі арттыруға елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.
Соңғы жаңалықтар