«Мен құрбанмын»: Баланың еміне деп ақша жинап сотталған блогер шындықты айтты
Астанада науқас баласының еміне деп халықтан жиналған қыруар қаржыны жымқырды деген айыппен 7 жылға сотталған Толқын Тотақанова үн қатты, деп хабарлайды Politico.kz
Көпшілік алдына хиджабсыз шыққан ол өзін алаяқ емес, қылмыстық топтың құрбанымын деп мәлімдеді.
Instagram парақшасында жарияланған бейнеүндеуде Тотақанова ең алдымен ұлының шынымен ауыр дертке шалдыққанын алға тартты. Оның сөзінше, жиналған қаражат мақсатсыз жұмсалмаған.
«Біздің шынымен ауыр науқас баламыз бар. Адамдар баламның жағдайын, біздің қасіретімізді көріп, шын ниетімен көмектесті. Біз оны Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан және Ресейде емдеттік. Емдеуге қазір айтылып жүргендей 6 миллион емес, шамамен 160 миллион теңге жұмсалды», – деді ол.
Сотталған келіншек халықтан жиналған ақшаның негізгі бөлігін бопсалаушылар иемденгенін айтты. Ол нақты есімдерді атап көрсетті: Жадыра Зарлыханова, Сұлтанова Алмат және Болатбек Сұлтанов.
Тотақанованың айтуынша, ол бес жыл бойы қорқыныш пен үрей құшағында өмір сүрген.
«Бұл адамдар баламның еміне жиналған барлық ақшаны – 700 миллион теңгеден астам қаражатты тартып алды. Олар мені өлтіреміз деп қорқытты. Мен баламды емдеу үшін қарызға ақша алуға мәжбүр болдым. Бұл жай сөз емес, аудиторлық тексеріспен және іс материалдарымен дәлелденген», – деді келіншек.
Бейнежазбада Тотақанова психологиялық қысымның салдарынан денсаулығынан айырылғанын жеткізді. Оның сөзінше, ауыр экзема басталып, шашы түскендіктен, басын күнде қыруға тура келген.
«Мен басымдағы жараларды жасыру үшін хиджаб киюге мәжбүр болдым. Бүгін мен сіздердің алдарыңызға шынайы бейнеммен, қорықпай шығып отырмын. Менің күйеуім әділетсіз сотталды. Біздің қайғымыздан пайда тапқандар неге бостандықта жүр? Олардың артында кім тұр?», – деп сұрақ қойды ол.
Еске салайық, 2026 жылдың 9 қаңтарында Астана соты ерлі-зайыпты Дәулет және Толқын Тотақановтарға қатысты үкім шығарған еді. Олар алаяқтық жасады деген айыппен кінәлі деп танылып, екеуі де 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Дәулет Тотақанов жазасын өтеуге қамалса, Толқын Тотақанованың кішкентай баласы бар болуына байланысты үкімнің орындалуы екі жылға кейінге шегерілген болатын.
Соңғы жаңалықтар