Меркіде қаза тапқан 19 жастағы келіншектің ісі бойынша тың дерек шықты
Жамбыл облысы Меркі ауданында 19 жастағы келіншек Мәдина Рашидқызының жұмбақ қазасына қатысты іс қоғамда үлкен резонанс тудыруда. Белсенді Жан Ахмадиев істің ақ-қарасын анықтау үшін Тараз қаласына жолға шығатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Ол күдіктінің әлі күнге дейін қамауға алынбағанына наразылық білдіріп, тергеу барысы қатаң бақылауда болатынын жеткізді.
«Ертең Таразға жолға шығамыз. Себеп — Мадияр әлі күнге дейін қамауға алынбады. Неге? Тергеу қай деңгейде? Полиция неге нақты әрекет етпей отыр? Осы сұрақтардың жауабын талап ету үшін Таразға бара жатырмыз. Мәдина ісінде әділдік орнамайынша, тоқтамаймыз», — деп жазды Жан Ахмадиев.
Кейінірек ол желіде тағы да түсініктеме беріп, командасымен бірге бұл мәселені күнделікті қадағалап отырғанын айтты.
«Мәдинаны ұмытқан жоқпыз, ұмытпаймыз да. Бір істі қолға алдық екен деп, көмек сұрап келген өзге адамдардың мәселесіне көз жұма алмаймыз. Мәдинаның ісімен команда күнделікті жұмыс істеп жатыр. Әр тергеу әрекетін әлеуметтік желіге шығара беруге болмайды. Нәтиже сөзбен емес, іспен көрінеді. Сондықтан сабыр сақтаңыздар. Мәдина ісі — біздің бақылауымызда», — деп толықтырды ол.
Ашық дереккөздер мен марқұмның жақындары таратқан мәліметке сүйенсек, қайғылы жағдайдың алдында ерлі-зайыпты арасында «Барни» тәттісіне байланысты жанжал туындаған. Мәдинаның құрбысына жазған хаттарында күйеуінің қол көтергені айтылған және ол ажырасуға ниетті болған. Марқұмның артында кішкентай сәбиі қалды.
Марқұмның туыстары оның денесінен соққы мен көгерген іздерді көргендерін айтып, келіншектің өздігінен көз жұмғанына сенбей отыр. Қазіргі таңда оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, құқық қорғау органдары тергеу жүргізуде.
Соңғы жаңалықтар