"Мойны кесілген": Алматыда ер адам туған қызын пышақтап өлтірді
Алматы қаласында тұрмыстық жанжал қайғылы жағдаймен аяқталды. Сот шешімімен әке өз қызының өліміне себепкер болғаны үшін 4 жыл 6 айға сотталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Тергеу материалдарына сәйкес, кәмелетке толмаған қыз қытай тілін еркін меңгерген және Қазақстанға келген қытайлық кәсіпкерлерге аудармашы болып жұмыс істеген. Әңгіме барысында ол денсаулығында, нақтырақ айтқанда, бүйрек ауруына байланысты мәселелері барын айтқан. Сонымен қатар, шетелдіктерге өзін 20 жастамын деп таныстырған.
Қытай азаматтарының бірі оған Қытайға барып, сол жақта емделуді ұсынған. Қыз алыс сапарға дайындала бастаған. Бұл жағдайды білген ата-анасы қатты алаңдап, қыздарын алдап әкетпек болды деп күдіктенген.
Қайғылы оқиға қалай болды
2025 жылғы 5 сәуірде әке, ана және үлкен қыз қытай азаматтары жалдап тұрған пәтерге барған. Олар алаяқтықтың ұйымдастырушысы деп есептеген Қытай Халық Республикасының азаматы Ф.Ж.-ға шабуыл жасап, оны ұрып-соққан. Ер адам орташа ауыр дене жарақатын алған.
Жанжал барысында әке қолына пышақ алып, жәбірленушіге сермеген. Алайда сол сәтте алдынан қызы шығып, сол жақ кеуде тұсынан пышақ жарақатын алған. Бұдан кейін ата-анасы жедел жәрдем шақырған.
Сонымен қатар Ф.Ж. есімді ҚХР азаматы да мойнынан екі рет кесілген жарақат алып, өзге үш серігімен бірге пәтерден қашып кеткен.
Қыздың өлімі
Ауыр жарақат алған қыз ауруханаға жеткізілген. 30 минут бойы реанимациялық шаралар жүргізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. Жәбірленушінің қаза болғаны тіркелді.
Сот шешімі
Әкеге қатысты бастапқыда адам өлтіруге оқталу, абайсызда өлімге әкеп соққан ауыр дене жарақатын келтіру, сондай-ақ орташа ауырлықтағы зиян келтіру баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Алайда тергеу барысында соққыға жығылған Қытай азаматы ешқандай талап-арызы жоқ екенін, айыпталушымен татуласқанын және кешіргенін мәлімдеген. Осыған байланысты адам өлтіруге оқталу бабы алынып тасталды.
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты ер адамды ҚР Қылмыстық кодексінің 104 және 106-баптары бойынша кінәлі деп танып, 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Соңғы жаңалықтар