Мұнайсыз да өсім бар: инвестиция 25%-ға артты

Мұнайсыз да өсім бар: инвестиция 25%-ға артты
Фото: magnific.com

Қазақстанда мұнай мен басқа да шикізат өндіруге қатысы жоқ салаларға инвестиция көбейген. Әсіресе зауыттар мен кәсіпорындарға, жаңа жабдықтар сатып алуға көбірек қаржы жұмсала бастаған. Halyk Finance сарапшыларының мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында шикізаттық емес секторға бюджеттен тыс салынған инвестиция 25%-ға артқан, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Halyk Finance талдауына сүйенген POVestka Telegram арнасы жазды.

Сарапшылардың есебінше, қаңтар мен қыркүйек аралығында Қазақстандағы негізгі капиталға салынған инвестиция былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 7%-ға өскен. Ал бюджет қаражаты мен жеке құрылыс салушылардың қаржысын есептемегенде, өсім 17,4%-ды құраған.

Ең жоғары өсім өңдеу өнеркәсібінде тіркелген. Бұл салаға салынған инвестиция бір жылда 40,1%-ға көбейді. Әсіресе химия өндірісіне, тамақ өнеркәсібіне, электр жабдықтары мен металл емес минералдық өнімдер шығаруға қаржы көбірек бағытталған.

Химия өндірісінің өзіне өңдеу өнеркәсібіне салынған барлық инвестицияның бестен бірінен астамы тиесілі.

Басқа салаларда да өсім байқалады. Электрмен жабдықтауға салынған қаржы 36,9%-ға, ақпарат және байланыс саласына 29,2%-ға артқан.

Ал құрылыста инвестиция өсімі 32%-ға жетті. Салыстырсақ, былтыр бұл көрсеткіш небәрі 8,2% болған. Бұған құрылыс жұмыстары көлемінің 11,5%-ға ұлғаюы әсер еткен.

Кәсіпорындар жаңа техника мен жабдық сатып алуға да көбірек ақша жұмсай бастаған. Жалпы инвестиция көлеміндегі машиналар мен жабдықтардың үлесі 27%-дан 32%-ға өсті. Ал оларды сатып алуға жұмсалған қаражат 22,9%-ға көбейген.

Атап айтқанда, ірі кәсіпорындардың жабдық сатып алуға жұмсаған шығыны 25%-ға, орта кәсіпорындардікі 53,6%-ға, ал шағын бизнестікі 11,2%-ға артқан.

Halyk Finance сарапшылары мұны ірі жобаларда құрылыс жұмыстары аяқталып, енді жабдық орнату кезеңіне өтуімен байланыстыруы мүмкін деп есептейді. Сонымен қатар орта және ірі кәсіпорындар ескі техникаларын жаңартып жатқан болуы ықтимал.

Инвестицияны қаржыландыруда банктердің де үлесі артқан. Егер 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында банк кредиттері барлық инвестицияның 3,7%-ын құраса, биыл бұл көрсеткіш 5,6%-ға жеткен.

Сарапшылардың пікірінше, өңдеу өнеркәсібіне, энергетикаға және жаңа жабдықтарға салынатын қаржының көбеюі Қазақстандағы өндірісті жаңғыртуға мүмкіндік береді. Бұл алдағы жылдары кәсіпорындардың өндіріс қуатын арттыруына және экономиканың шикізатқа тәуелділігін азайтуына негіз бола алады.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу